Барлық мәселелердің шешімі – кадрлар

Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов аудандардағы медициналық мекемелердің бас дәрігерлерімен кездесіп, денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелерін талқылады. Аймақ басшысы кадрлармен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше көңіл бөлді.

Қызметтік жиналыс облыстық денсаулық сақтау басқармасында өтті. Видео конференциялық байланыс режимінде өткен кездесуге аймақтың барлық ауруханалары мен емханаларының бас дәрігерлері қатысты. Әкім айтып өткендей, жуырда ғана өткен үкіметтің кеңейтілген жиналысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев алдымызға медициналық қызметтердің сапасын арттыру мен денсаулық сақтау саласындағы инфрақұрылымды дамыту бойынша тапсырмалар қойды.
– Алғашқы медициналық жәрдемнің тұрғындар үшін қолжетімділігін арттыру мақсатында жалпы тәжірибелік дәрігерлеріне жүктелетін науқастар саны 1700-ге дейін төмендетілуі тиіс, – деді Болат Бақауов.  – Біздің облысымызда бұл көрсеткіш 2042-ге тең.

Бүгінгі күні облыста жалпы тәжірибелік дәрігерлердің 289 учаскесі жұмыс істейді және осы жылдың соңына дейін тағы 58 учаскені ашу керек. Соның ішінде Павлодарда – 21, Екібастұзда – 16, Ақсуда – 13. Өкінішке қарай тұрғандарға медициналық қызмет көрсететін мамандар жеткіліксіз. Денсаулық сақтау басқармасының түсіндірмесіне сәйкес, өткен жылы медициналық мекемелерде жұмыс істейді деп күтілген түлектер оқуларын әрі қарай резидентурада жалғастырып жатыр. Сонымен қатар декретке шығып кеткен немесе отбасы жағдайына байланысты басқа өңірге көшіп кеткендер де бар. Әрбір медициналық мекеме кадрлар жетіспеушілігіне байланысты мәселені өздігінен шешуге тырысып жүр. Мысалы, Павлодар қаласының №4 емханасы 4 жас маманмен оқу аяқтағаннан кейін келісімшартқа отырды. Сондай-ақ осы емханада 2 терапевті жалпы тәжірибелік дәрігер мамандығына оқыту жоспарланып отыр.

– Сонымен қатар біз бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысқалы жатырмыз, – деді емхананың бас дәрігері Арман Отарбеков. – Жас мамандар қызметтерінен кетпеу үшін, біз «7-20-25» бағдарламасы бойынша алатын пәтерлерінің алғашқы жарнасын төлеуге дайынбыз. Өткен жылы осының көмегімен біз 2 маманымызға көмектесе алдық. Нәтижесінде олармен еңбегін өтеу туралы 5 жылдық шарт жасалды.

Аймақ басшысының айтуынша, медициналық мекемелерде университет түлектерін ғана қарастырады, алайда емханаға жұмысқа басқа облыстан тәжірибелі мамандарды да шақыруға болады.

– Бас дәрігер еліміздің оңтүстік аймақтарына барып, дәрігерлерге жақсы жұмыс жағдайларын ұсынып, оларды өзімізге жұмысқа шақыруы тиіс, – деді облыс әкімі. – Мысалы, егер Калқаман ауылына маман керек болып жатса, бүгінгі күні ол жерде бюджет есебінен 4 қабатты үйлерді жөндеуден өткізіп жатыр. Олардың ішінен дәрігерлерге арнап бірнеше пәтерді бөліп беруге болады. Мәселенің шешімін табу үшін әр түрлі мүмкіндіктерді қарастыру керек.

Осы күні Болат Бақауов осыдан бір жыл бұрын жеке кәсіпкер қолына көшкен №1 және №2 павлодарлық емханаларға барып қайтты. Аймақ басшысымен сөйлескен науқастардың айтуынша, жекешелендіруден кейін емханада бірталай жақсы өзгерістер орын алды. Біріншіден, медициналық мекемелердегі тіркеу орындары жаңартылды. Екіншіден, келушілердің айтуынша, кезектер азайды. Сонымен қатар емханалардағы медициналық құрылғылар жаңартылып, бұрын болмаған белгілі бір сала мамандарының кабинеттері ашылып жатыр.

Валерий Бугаевтың фотосы


06/02/2019 171