Барынша қолжетімді

Павлодар облысында мүмкіндігі шектеулі адамдарға оңалту қызметтерін және қаражатын өз бетінше сатып алуға мүмкіндік беретін әлеуметтік қызметтер порталы таныстырылды. Бұл жүйеге 2020 жылдың қаңтар айында көшуді жоспарлап отыр.

Павлодар облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Гүлнара Камалова хабарлағандай, бұл жүйе алты үдерістің бесеуін цифрлауды қамтиды. Алайда, әзірге тек екі – арнайы әлеуметтік қызмет көрсету және техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету іске қосылады деп күтілуде.

 

 

– Бұл порталдың іске қосылуы оңалту құралдары мен қызметтердің сапасын жақсартуға, сондай – ақ олардың нақты қажеттілігін анықтауға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Гүлнар Камалова. – 2020 жылдың қаңтарынан бастап порталда тек жеке бейімделуді қажет етпейтін қызметтер қол жетімді болады, ал қалған барлық түрлері бірінші жартыжылдықта аяқталады. Сонымен қатар порталда курорттық емдеу, жеке көмекші және ишарат тілі маманы қызметтері бар, олар да көктемде қол жетімді болады.

Мұндай қызмет көрсетушілер жеке және заңды тұлғалар бола алады, ал клиент өз кезегінде өзіне ұнаған мердігерді таңдауға құқылы.

– Егер 2020 жылға дейін көрсетілетін қызметтер мемлекеттік сатып алулар арқылы ұсынылатын болса, онда 2021 жылы бұл қызметтер қол жетімді болмайды және оларды электронды сандық қолтаңбасы бар портал арқылы ғана алуға болады», – дейді Гүлнара Камалова.  – Қызмет алушы Интернет болған жағдайда порталға өз бетінше кіре алады, ал қандай да бір мәселелер туындаған жағдайда жұмыспен қамту бөлімінде және тағы басқа бөлімдерінде порталмен жұмыс істеуге көмектесетін мамандар болады.  


07/11/2019 49