«Бастау-2019» жобасының басталуы

«Бастау» жобасына қатысып, бизнес жүргізуді үйренуге және өз ісін бастауға барлық павлодарлықтар шақырылады. Бірінші ағымда Ақтоғай, Железин, Май, Павлодар, Успен, Шарбақты, Аққулы аудандары және аймақтың үш қаласы оқитын болады.

– Жоба кәсіпкерлік негіздерін үйретуге және бизнес-жобаларға қамқорлық көрсетуге бағытталған. Қатысушылардың басым бөлігі кәсіп жүргізуге ыңғайы бар жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Биылғы жылы «Бастау» түлектерінің клубын ашу жоспарда тұр. Мұндағы мақсат – қаржыландырумен қатар артынша қамқорлыққа ие болған түлектерді біріктіру, – деді кәсіпкерлікке қаржылай емес қолдау көрсету бөлімінің сарапшысы Әсия Закарьянова.

2018 жылы Павлодар облысының 1829 тұрғыны оқудан өткен. Түлектердің 224 жобасы жалпы сомасы 843,3 млн теңге көлемінде қаржыландыруға ие болды, ал 727 тыңдаушы өз ісін дамыту үшін мемлекеттік гранттар алды. Палата сарапшысы атап өткендей, оқу тегін жүргізіледі. Бұдан бөлек, қатысушыларға бір реттік стипендия төленеді. Оқуға ниет білдірген үміткерлерді Кәсіпкерлер палатасының Екібастұз, Ақсу және аудандық бөлімшелеріне, сондай-ақ Павлодар қаласындағы Ломов, 21 мекенжайындағы орталық кеңсеге шақырады.


20/02/2019 382