Болат Бақауов Болгария вице-президенті Илияна Йотовамен кездесті

Қос тарап Павлодар облысы мен Болгария Республикасы арасындағы серіктестік жайын талқылады. 

Илияна Йотова Павлодардағы болгар диаспорасының өкілдерімен кездесуге арнайы келген. Бүгін Павлодарда 1 мыңға жуық болгар тұрады. Сапар барысында Болгария вице-президенті Павлодар облысының әкімімен де кездесті. 

– Бүгінде біздің өңірде жүзден астам ұлт өкілі тату-тәтті ғұмыр кешіп отыр. Жер аударылған алғашқы болгарлар қазіргі Павлодар облысының аумағына 1907-1908 жылдары келген. Олар қазіргі Ақтоғай ауданында құрылған Разумовка және Андрияновка ауылдарына тұрақтар, елді мекендердің дамуына тың серпін берді. Болгарлар бір ғасырдан астам уақыт бойы облыстың әлеуметтік және экономикалық дамуына мол үлес қосып келеді. Олар өңір тарихының, мәдениетінің ажырамас бір бөлігіне айналды. Павлодардағы “Славяне” болгар ұлттық-мәдени орталығы Қазақстанның үкіметтік емес секторының толыққанды мүшесіне, өңірдегі бірлік пен татулықтың үлгісіне айналған ұжым, – деді Болат Бақауов кездесуде. 

Аймақ басшысы Павлодар облысы мен Болгария Республикасының арасында ұзақмерзімді жаңа байланыстар орнатылатынына сенім білдірді. Сондай-ақ екі жақты байланыстың тамыр жаюына барынша атсалысатынын жеткізді. Өз кезегінде Илияна Йотова жылы қарсы алып, болгар диаспорасын қолдап отырған павлодарлықтарға ризашылығын білдірді. 

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі


08/10/2019 33