Болат Бақауов Нұр-Сұлтанда қытайлық және даниялық инвесторлармен кездесті

Павлодар облысының әкімі қытайлық «Naale Group Industry Co, LTD» компаниясымен қант шығаратын зауыттың құрылысы бойынша кездесу өткізді.

 

          Қытай – Азия елдерінің ішінде Павлодар облысының ең негізгі сауда әріптестерінің бірі, – деді Болат Бақауов. – «Арнайы экономикалық аймақта» ҚХР-мен бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асырдық. Қант зауыты бойынша біз жұмыстарды бастап кеттік, қажетті жер учаскесін де анықтадық. Агроиндустриялық парктің аумағы 1200 га құрайды. Біз тек қана қант емес, крахмал зауытын салуды да қарастырудамыз. Жалпы, Қытай Халық Республикасы қызығушылық танытқан жобаларды талқылауға дайынбыз.

 

 

Өз кезегінде инвесторлар компанияның Моңғолияда үш қант шығаратын зауыты бар екенін атап өтті. Тағы бір қант зауытының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Үш зауыттың қуаттылығы жылына 300 мың тоннаға дейін жетеді.

 

 

Кездесу барысында қос тарап алюминий құтыларын жасау туралы сөз қозғады.

– Бізде  бастапқы алюминий шығарылады. Оны сұйық күйінде «Арнайы экономикалық аймаққа» жеткізіп, ол жерде өндіріске дайын қоспалы алюминий жасалады, – деді аймақ басшысы. Бұл ұсыныс инвесторлардың қызығушылығын оятты.

 

Бұдан кейін, павлодарлық делегация «SiccaDania» компаниясымен кездесіп, крахмал зауытының құрылысы жөнінде мәселе көтерді. Франция, Сингапур, Жаңа Зеландия мен бірқатар мемлекеттерде кеңселері бар даниялық компания аталмыш жобаға тең дәрежелі инвестор болуға ниет танытты.  

 

Фото Валерия Бугаева


17/05/2019 34