Аймақтық тіл саясаты

Павлодар облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы облыста мемлекеттік тіл саясатын жүргізеді. Біздің басты міндетіміз – мемлекеттік тілді дамытып, оның қолданыс аясын кеңейту, сонымен қатар облыста тұрып жатқан этностардың тілдерін дамыту және мемлекеттік қызметшілер мен барлық санаттағы азаматтарға мемлекеттік тілді оқытуға жағдай жасау.

Тіл – адамдар арасындағы қарым-қатынас құралы ғана емес, кез келген ұлт пен халықтың өзіндік нышаны. Сондықтан да біз оны қарым-қатынастың құралы ретінде, мемлекеттің бірлігі мен келісімінің тірегі ретінде бағалай білуіміз керек. Тілдік мәселе – ең қиын да, ең нәзік мәселе.

Біздің қоғамымызда мемлекеттік тілді толығымен орнықтыру үшін адамдардың қазақ тіліне деген қызығушылығын арттыра түсуіміз керек. Мемлекеттік тілді меңгеру – тұрып жатқан Отанымызды тануға және түсінуге орасан зор мүмкіндіктер береді. Мемлекеттік тілде қарым-қатынас жасау әрқайсымыздың міндетіміз, өйткені біз бір мемлекеттің, ортақ үйіміз – Қазақстанның азаматтарымыз.

Мемлекеттік тіл саясатын іске асыру мақсатында барлық мемлекеттік органдарда іс жүргізудің жағдайы ең жоғары деңгейде бақылауға алынған, оларға әдістемелік көмек көрсетіліп және ең негізгі үш бағыт бойынша жұмыстар атқарылуда.

Бірінші бағыт – облыстың мемлекеттік органдарында мемлекеттік тілде іс жүргізуге бақылау жасау және әдістемелік көмек көрсету.

Жылдық жоспарға сәйкес облыс тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының мамандары облыстық сараптау комиссиясының мүшелері мен облыстық прокуратура қызметкерлерінің қатысуымен қалалар мен аудандарда, мемлекеттік органдарда тексеріс ұйымдастырады. Тексеріс нәтижесі туралы анықтамалар мекеменің бірінші басшыларына жіберіледі.

Бүгінгі күні 13 мемлекеттік орган және 4 мәдени-сауықтыру мекемелері ілеспе аударма жасау аппаратурасымен жабдықталған. Облыс көлемінде өтетін алқылы жиындарды сапалы аудармамен қамтамасыз ету мақсатында облыстық іс-шаралар жоспары шеңберінде аудармашылар оқытылып, жыл сайын олардың біліктілігін арттыру семинарлары ұйымдастырылады.

Облыс тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы тарпынан қалалар мен аудандар, сонымен қатар барлық облыстық мемлекеттік органдар іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге қажетті сөздіктермен және қазақ тілін оқытуға арналған оқу-әдістемелік құралдармен толық қамтамасыз етілген.

«Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңының 21-бабына сәйкес облысымыздағы барлық көрнекі ақпарат екі тілде болу керек. Бұл бағытта басқарма тарапынан арнайы мониторингтер ұйымдастырылып, жүйелі түрде түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.

Халыққа қызмет көрсететін мекемелер түбіртектерін екі тілде дайындайды («Қазақтелеком», «Қалалық су арнасы», «Энергоцентр», «Арнайы машиналар», «Пәтерлер иелерінің кооперативі»).

Бұдан басқа, халыққа қызмет көрсететін мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелерде, этнос өкілдері неғұрлым көп шоғырланған аудандарда ақпараттық-насихаттау күндері өткізілуде. Бұл шараны өткізудің басты мақсаты – мемлекеттік тіл саясатын насихаттау және ҚР тіл туралы заңнамасы бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізу болып табылады.

Сонымен қатар, қалалық жолаушыларды тасымалдайтын кәсіпорындар «Павлодар қалалық трамвай басқармасы», «№ 1 Автопарк» қоғамдық көліктеріндегі сыртқы және ішкі көрнекі ақпараттарын, аялдаманың хабарлануын заңға сәйкес екі тілде орындауда.

Сауда қызметі саласындағы құжат дайындау (қызмет көрсету, тауар атауы, ас мәзірі және т.б.) бақылауға алынды, сонымен қатар, анықтамалық-ақпарттық қызмет көрсететін қалалық мекемелер «Павлодар Әуежайы», «Павлодар теміржол вокзалы», «Автовокзал» заңға сәйкес екі тілде қызмет көрсетуде.

Екінші бағыт – мемлекеттік тілге оқыту жұмыстарын ұйымдастыру. Облыс көлеміндегі әр түрлі тұрғындар арасында өткізілетін әлеуметтік-лингвистикалық зерттеулердің нәтижесі, аймағымызда соңғы жылдары мемлекеттік тілдің әлеуметтік мәртебесінің артқандығын көрсетеді.

Көп ұлтты Ертіс өңірінде қазақ тілінде тәлім-тәрбие алғысы келетін этнос өкілдерінің саны артып отыр. Бүгінгі күні қазақ балабақшалары мен шағын орталықтарында 1214 этнос өкілдері тәрбиеленуде, 615 этнос өкілдері қазақ мектептерінде, қазақ тілін жетік меңгерген 234 студент қазақ тілінде жоғары білім алуда. Қазақ тілін еркін сөйлейтін көптеген этнос жастары республикалық деңгейде өткізілетін сайыстарда жүлделі орындарды иеленуде.

Облыстың 23 ұлттық-мәдени бірлестігі және 57 бөлімшесі аймағымызда бірыңғай мемлекеттік тіл саясатын насихаттауға белсене араласуда. Басқарма жыл сайын ұлттық жаңғыру мектебінің этномадени бөлімшелеріне арналған оқу-әдістемелік оқулықтар шығарады. Павлодар қаласындағы ұлттық жаңғыру мектебінің оқушылары мен студенттеріне өз ана тілімен бірге мемлекеттік тілді үйренуге барлық жағдай жасалған. Облысымызда қазақ тілінде тәрбие беретін балабақшалардың санын көбейту мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

2005 жылы ашылған Павлодар облыстық «Ана тілі» оқыту орталығынан басқа да оқыту мекемелері жұмыс істейді. С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде және Инновациялық Еуразия университетінің базасында ашылған оқыту орталықтарында қазақ тілін оқытуға арналған арнайы курстар бар. Мемлекеттік тілге оқыту облысымыздың үлкен кәсіпорындарында да жүзеге асуда, атап айтар болсақ «Қазақтелеком», «Қазақстан алюминийі», «Богатырь Көмір», «Еуразиялық энергетикалық корпорациясы», «Ақсу ферроқорытпа зауыты», «Павлодар мұнай-химия зауыты». Облыс тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы тарапынан әдістемелік көмек көрсетіліп тұрады. Сонымен қатар облыс әкімдігінің бұйрығының негізінде аталған кәсіпорындарда қазақ тілі кабинеттері ашылды. Қазіргі уақытта қазақ тілін үйренемін деген азаматтарға осы кабинеттерде қазақ тілі сабақтары жүргізіледі.

Жыл сайын облыс бойынша 10 мыңнан астам адам мемлекеттік тілді оқып үйренуде. Тілдерді дамыту мен қолданудың облыстық іс-шаралар жоспары шеңберінде жылына әртүрлі санаттағы 200 адам қазақ тіліне тегін оқытылады. Жалпы бүгінгі күні облысымызда 21 тіл орталығы қызмет етеді, оның 13-і мемлекеттік тілді оқытуда («Ана тілі», «Новое поколение», «Polyglot», «Lingua-Star» және басқа жеке меншік орталықтар). Бір сөзбен айтқанда, қазақ тілін үйренемін дегендерге барлық жағдай жасалған.

Үшінші бағыт – мемлекеттік тіл саясатын насихаттауға және іс-жүзіне асыруға арналған мәдени іс-шаралар ұйымдастыру, диаспора тілдерін дамытуға және сақтауға жағдай жасау. Аталмыш іс-шаралар, облыста мәдени бағыттағы жұмыстарды жандандыруға, халықаралық қатынастарды нығайтуға, қазақстандық патриотизмды дамытуға бағытталған. Жыл сайын дәстүрлі түрде облыстық жас ақындар мүшайра-конкурсы, облыстық «Мақсұтым – тіл ұстартып, өнер шашпақ» атты Абай оқулары, сонымен қатар, облыста жарияланған тілдер айлығында О. Бөкей шығармаларының көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы және өзге этнос өкілдеріне арналған «Тіл – халық жанын танудың кілті» байқауы өткізіліп тұрады. Жыл сайын облыста дәстүрлі Түркі тілдес жазбалары күндеріне және Славян жазбалары күндеріне арналған іс-шаралар өткізіледі. Тілдер мерекесі қарсаңында мемлекеттік мекемелерде, жоғарғы оқу орындарында, мектептерде, балабақшаларда, кітапхана мен мұражайларда әр түрлі шаралар ұйымдастырылады. Қазақ тілін дамыту мақсатында ұйымдастырылатын КВН ойындарына басқарма тарапынан әрдайым қолдау көрсетілуде.

Мемлекеттік тілді бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен насихаттау мақсатында «Қазақстан-Павлодар» телеарнасында ақпараттық-танымдық бағдарламалар, «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл саясаты» жарнамалық-имидждік роликтер және облыстық радиода «Мемлекеттік тіл және отбасы» хабары дайындалып, тіл мәселесіне байланысты екі тілдегі «Tildes.gov.kz» сайты қызмет етеді.

Мемлекеттік тілді дамыту, оның қоғамдық өмірдің барлық әлеуметтік саласында өзінің мәртебесін алу – мемлекеттік деңгейдегі ең басты мәселе. Сондықтан да тіліміздің мәртебесін көтеру – бұл біздің жалпы міндетіміз.

Кез келген мемлекеттте ұлттық мәселені шешу, әрқашан ең негізгі басымдылықтардың бірі болып табылады. Бұл тапсырманы шешу жолдары әр түрлі. Қазақстан өз жолын таңдап алды және уақыт көрсеткендей мемлекетте тұрып жатқан барлық этностардың мәдениеті мен тілін одан әрі дамыту және сақтап қалу жаңа қалыптасып келе жатқан мемлекттің дамуына өз көмегін тигізді.

Өзгертілді: 24.12.2014 15:26
Орналастырылды: 09.10.2016 09:28