«Ана тілі» орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

«Ана тілі» орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі – Серіктестік) Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша заңды тұлға болып табылады.

Серіктестік Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне, Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы», «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» заңдарына сәйкес шаруашылық жүргізу құқығындағы «Павлодар облысы әкімдігі, Павлодар облысы тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының тілдерді дамытудың оқу-әдістемелік «Ана тілі» Павлодар облыстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнынан «Ана тілі» орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қайта ұйымдастыру жолымен қайта ұйымдастырылды.

ЖШС қызметінің негізгі мақсаттары:

1) білім беру саласында мемлекеттік, ағылшын және басқа да тілдерді оқытуды ұйымдастыруға қажетті материалдық -техникалық, ғылыми, оқу-әдістемелік жағдайларды қамтамасыз ету жөніндегі өндірістік-шаруашылық қызметті жүзеге асыру;

2) мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдармен мемлекеттік, ағылшын және басқа да тілдердің қоғамдық функцияларын кеңейту және дамыту мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасау;

3) мемлекеттік, ағылшын және басқа да тілдерді оқыту, бұқаралық ақпарат құралдары: теледидар, радио, газет арқылы оқыту бағдарламаларын тарату;

4) мемлекеттік, ағылшын және басқа да тілдерді оқытуда жаңа технологияларды пайдалану;

5) аудармашыларға, мемлекеттік тілде іс жүргізушілерге, қазақ тілі үйірмелерінің жетекшілеріне тәжірибелік, әдістемелік көмек көрсету;

6) әдістемелік нұсқаулықтар мен құралдарды әзірлеу және тарату, семинар-практикум, кеңестер және басқа да іс-шараларды өткізу.

ЖШС қызметінің мәні:

деректемелерді, көрнекі ақпараттарды ресімдеуде, ресми қағаздарды, тіркеу құжаттарын аударуда мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарға, сондай-ақ жеке тұлғаларға практикалық көмек көрсету;

бүктемелерді, күнтізбелерді, кітаптарды, әдістемелерді, оқулықтарды, тілашарларды, анықтамалықтарды, сөздіктерді және басқа да оқу-әдістемелік өнімдерін шығару және тарату;

қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде мөрлер, мөртабандар, прейскурант және басқа да көрнекі ақпарат мәтіндерін тексеру және аудару;

4) мемлекеттік тілде сценарийлер дайындау;

5) қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде көрмелер, тұсаукесерлер, қайырымдылық және басқа іс-шараларды ұйымдастыру, өткізу ЖШС.

Мемлекеттік тілді оқытуға арналған 36, 60, 80, 100, 120 сағаттық оқу бағдарламалары құрастырылды. Бұл бағдарламалар оқу стандарты және типтік бағдарламаның негізінде құрылды.

Тілдерді қолдану мен дамытудың бағдарламасына сәйкес «Ана тілі» орталығы іс-шаралар ұйымдастырып өткізеді.

Шараларды өткізудегі басты мақсат – қазақ тілінің деңгейін көтеріп, өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілге деген қызығушылығын арттыру.

Облыстық тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде  2015 жылы 560, 2016 жылы – 477, 2017 жылы – 599 тыңдаушы қазақ тіліне тегін оқытылды. Бұл жұмыс жалғасын табатын болады.

Мемлекеттік қызметшілерді оқытуға арналған бағдарлама 4 деңгейден тұрады:

«Бірінші деңгей»

Негізгі дағдылар мен біліктілік:

Оқу дағдысы: көлемі шағын мәтіндерді минутына 25-30 сөзден оқи алуы, бағдарлама соңында оқу жылдамдығын минутына 180-220 сөзге жеткізу.

Сөйлеуі: берілген сұрақтарға жауап бере алу, күнделікті өмірде кездесетін тұрмыстық тақырыптарға байланысты өздігінен сұрақ қойып, сұхбаттаса алу.

Жазуы: өзі туралы қысқаша мәлімет, жиі кездесетін іс қағаздарын, бұрыштамаларды жаза білуі – бағдарламаның мақсаты болып табылады.

«Екінші деңгей»

Негізгі дағдылар мен біліктілік:

Оқу дағдысы: көлемді мәтіндер сөздерін минутына 100 сөзден 150 сөзге жеткізу, дауыс екпіні бойынша мәнерлеп, әуезді оқу.

Сөйлеуі: берілген тақырыптар бойынша еркін ой толғай алу, жұмыс барысында кездесетін күрделі сөз орамдарын жетік білу.

Жазуы: ресми іс қағаздар үлгілерін жаза білу, өз жұмысына байланысты қызметтік хат алмасу жұмыстарын жетік білу.

«Үшінші деңгей»

Негізгі қойылатын талаптар мен біліктілік:

Арнайы жағдайда және қажеттілікке байланысты барлық ақпараттарды түсінеді. Іс қағаздарын сауатты жүргізу – мемлекеттік тілді қолдану мен дамытудағы ең өзекті мәселе болып табылады. Бағдарлама бойынша ресми іс қағаздары тілінің теориялық және практикалық мәселелерін талдай отырып, осы тілдің заңдылықтары мен нормаларын түсініп, оны орындау жолдарымен таныс болу;

Белгілі бір тәртіпте сөйлеу және ойын жеткізе білу. Қазақ тілінің конституциялық мәртебесін мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында жүзеге асыру.

Кәсіби, саяси және қоғамдық мәтіндерге байланысты мәтіндерді оқиды. Термин сөздермен таныс болу, сауатты да мазмұнды жазу, көпшілік алдында сөйлеу мәнеріне көңіл бөлінеді.

«Төртінші деңгей»

Негізгі талаптар мен біліктілік:

Күнделікті қажеттілікке байланысты анықтамалар, ақпараттар жазып, толық түсініктемелер бере алады. Тіл саясатын құқықтық тұрғыдан реттеп, оны тиімді жүргізе білу. Қазақстан Республикасының азаматтық құқықтық актілеріне негізделген құжат нысандарының үлгісі мен сипаттамасын білу, жетік жұмыс істей білу дағдылары. Оқытуда мәтін мазмұны мен негізгі ойға сәйкестігі, тақырыптың толық ашылуы, баяндау жүйесі ескеріліп, сөздік қорының деңгейіне, сөйлем құрылысына, мәтіннің стильдік біртектілігіне, тіл шеберлігіне назар аудару қажеттілігі.

Ойларын жетік жеткізе алады. Орыс тіліндегі нұсқаларды негізге ала отырып, қазақ тілінің заңдылықтарын сақтап, ұлттық іс қағаздарын жүргізуді қалыптастыру, құжат айналамын іске асыра алады.

Іс қағаздарын толық меңгеріп, кез келген тақырыпта мәтін құрастыра алады.

Бүгінгі таңда Орталық қажетті материалдық-техникалық, оқу-әдістемелік базамен жабдықталған. Тыңдаушыларға оқулықтар, сөздіктер, іс жүргізу, аударма негізі бойынша оқу құралдары және жұмыс дәптерлері әзірленді. Оқытуды профессорлар, ғылым кандидаттары, қаланың жоғары оқу орындарының аға оқытушылары және еңбек ұжымдарында оқыту тәжірибесі бар мамандар жүргізеді, сабақтар мекемелер мен кәсіпорындардың арнайы жабдықталған қазақ тілі кабинеттерінде өткізіледі.

Мемлекеттік тілді оқыту мақсатында жұмыс бағдарламасы да әзірленіп, бекітілді. Осы бағдарламаға сәйкес мемлекеттік қызметшілер білім деңгейіне қарай ауызекі сөйлеу тілін үйренумен қатар, жұмыста қолданатын терминдерді меңгереді. Оқыту барысында әрбір тыңдаушының қабілеттері ескеріледі. Курс аяқталғаннан кейін тест жұмысы жүргізіледі, оның нәтижесі бойынша белгілі бір деңгейді аяқтағаны туралы сертификат беріледі.

 «Ана тілі» орталығы» облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасымен, «Қазақ тілі» қоғамымен және «Замандас» ардагерлер клубымен тығыз ынтымақтастық қатынаста жұмыс істейді, облыста мемлекеттік тілдің дамуына ықпал етеді.

Мекенжайы: Павлодар қаласы, Жеңіс алаңы көшесі, , 802 кабинет, байланыс телефондары: 32- 62- 85, 32-62-37.

Электронды поштасы: аnаtilіcenter@mail.kz.

Орналастырылды: 24.12.2014 15:52
Өзгертілді: 04.05.2018 17:39