Павлодар облысының архив қызметі

Архив – елдің деректі мұрасы, тарихи құжаттарды сақтайтын өткен өмірдің деректі ескерткіші.

Атақты тарихшы Тарле құжаттардың маңызын «Құжатсыз тарих жоқ, тарихсыз мемлекет пен ұлт жоқ» деп айқындап берген болатын.

Архивтердің өз замандастары мен кейінгі ұрпақ үшін маңыздылығымен құндылығын түсінген Жәңгір ханның есімі тарихқа көреген әрі дана саясаткер ретінде енген. Ол архив ісін мемлекеттік істердің қатарына қосып, тарихи маңызы бар құжаттарды сақтау принциптерінің негізін қалаған болатын. Ол үшін қазына мен архивтің маңыздылығы тең болған.

Архивтік құжаттарда өміріміздің түрлі кезеңдеріне қатысты мәліметтер сақталатындықтан архив ісі біздің қоғамымыздың ажырамас бөлігіне айналып отыр.

2015 жылы Павлодар облысының архив қызметі өзінің 90 жылдығын атап өтті.

Павлодар облысы архив мекемелерінің тарихы 1925 жылғы 30 маусымда Павлодар атқару комитетінің штатына архивариус лауазымының енгізілуінен басталады.

1938 жылы 15 қаңтарда БОАК-нің қаулысымен Павлодар облысы құрылады.

Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1960 жылғы 17 маусымдағы қаулысымен Павлодар облыстық Еңбекшілер депутаттары кеңесінің атқару комитетіне қарасты ішкі істер басқармасының архив бөлімі Павлодар облыстық Еңбекшілер депутаттары кеңесінің атқару комитеті жанындағы архив бөлімі болып өзгертілді.

Архив мекемелерінде сақталатын құжаттар облыс тарихының әр түрлі кезеңдердегі, сондай-ақ кеңестік кезеңдегі және Қазақстан Республикасының егеменді мемлекет ретінде құрылу, қалыптасу және даму тарихы жайлы мәліметтер алуға мүмкіндік береді. Бұл құжаттардан Павлодар облысы экономикасының дамуы, әлеуметтік-мәдени мәселелердің шешілуі, облысымызда тұратын халықтың салт-дәстүрлерін жаңғырту туралы ақпарат алуға болады.

Архивтік құжаттар құрамы мен мазмұны жағынан әр түрлі болып келеді. Мемлекеттік билік пен мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарының; машина жасау өнеркәсібі, металлургия, көмір өнеркәсібі, энергетика, жоспарлау және статистика, ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет мекемелерінің, ұйымдары мен кәсіпорындарының қорлары және жеке тектік құжаттар аса маңызды болып табылады. Жеке тектік құжаттар ресми құжаттардағы мәліметтерге өзгеше реңк беріп, жандандыра түседі.

Облыстың архив мекемелері халқымыздың тарихи-мәдени мұрасының бір бөлігі болып табылатын әрі мемлекет тарапынан ұлттық құндылық ретінде қорғалатын Қазақстан Республикасының Ұлттық архив қорының құрамына кіретін құжаттарды сақтайды.

Қазіргі кезде облыстың архив мекемелерінде 1 миллион 243 мың істен тұратын 4 мыңнан астам қор сақталуда.

Архив құжаттарының негізінде құжат жинақтары, буклеттер шығарылады, мақалалар жарияланып, теле-радио бағдарламалар дайындалады, экскурсиялар жүргізіледі, кездесу кештері, мектеп сабақтары мен дәрістер, ретроспективті фотоқұжаттық көрмелер ұйымдастырылады.

Архив құжаттарының құндылығы оларды пайдаланылу жиілігімен анықталады. Архившілердің жұмысында құжаттарды пайдаланудың барлық дәстүрлі тәсілдері қолданылады. Әлеуметтік-құқықтық сипаттағы сұранымдарға жауап қайтару сияқты жүргізілетін ақпараттық жұмыс ерекше орын алады. «Архивтік анықтамалар беру» мемлекеттік қызмет көрсету стандартына сәйкес 2016 жылы азаматтар мен ұйымдардан түскен 22660 сұраным орындалды.

Заманауи қоғамда орын алған түрлі өзгерістер, атап айтқанда: жиырмасыншы ғасырдың соңында еліміздегі әлеуметтік-экономикалық қайта құру, соның ішінде мемлекет иелігінен алу, жекешелендіру және акционерлеу үдерістері облыс архившілерінің алдына таратылған ұйымдар мен кәсіпорындардың құжаттарын жинақтау, сақталуын қамтамасыз ету, есепке алу және пайдалану сияқты жаңа міндеттер қойды.

Павлодар облысының архившілері өздерінің жауапкершілігімен, өз мамандығына деген адал әрі шығармашылықпен қарауымен, әрқашан адамдарға көмек көрсетуге дайын тұратын қасиеттерімен ерекшеленеді.

Облыс архив мекемелерінің мамандары құжаттық мұраны сақтау ісіндегі өз замандастары мен келешек ұрпақ алдындағы жауапкершіліктерін жақсы түсінеді.

Өзгертілді: 04.11.2014 10:42
Орналастырылды: 16.01.2017 11:23