Жеке және заңды тұлғаларға көрсетілетін қызметтер

Павлодар облысының архиват мекемелерінде «Архивтік анықтамалар беру»мемлекеттік қызметін көрсету тәртібі туралы

 

Әрбір адамның өмірінде бірнеше немесе ондаған жылдар бұрын болған маңызды оқиғалар туралы ақпараттарды қалпына келтіру қажеттілігі тууы мүмкін. Қажетті мәліметтерді анықтайтын құжаттар қолда болмаса, не істеу керек? Ондай жағдайда мәліметтерді ресми дереккөзден алудың жалғыз жолы архивке өтініш жасау болып табылады.

Азаматтардың және ұйымдардың өтініштерін Қазақстан Республикасының мемлекеттік архивтерінде қарау тәртібі, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Мәдениет  және  спорт  министрінің  2015 жылғы 17 сәуірдегі № 138 бұйрығымен бекітілген «Архивтік анықтамалар беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет Стандартымен анықталған.

Архивтерде, соның ішінде Павлодар облысының архив мекемелеріне өтініш білдірушілер міндетті түрде нені білулері қажет?

 

СҰРАНЫМ ТҮРЛЕРІ

Өзінің сипатына байланысты сұранымдар:

тақырыптық – белгілі бір тақырып, проблема, оқиға және зерттеуге арналған факт жөнінде ақпараттарды ұсыну туралы сұранымдар;

генеалогиялық – туысқандық, екі немесе одан да көп тұлғалардың туысқандық байланыстарын, отбасы тарихын, туған-туысқандарын анықтау үшін құжаттық ақпараттарды талап етуді білдіретін сұранымдар;

әлеуметтік-құқықтық – нақты тұлға немесе ұйымның, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге байланысты сұранымдар болып бөлінеді.

 

ҚЫЗМЕТТІ КӨРСЕТУ ҮШІН ҚАЖЕТТІ ҚҰЖАТТАР

«Архивтік анықтамалар беру» мемлекеттік қызметін алу үшін өтініш беруші төмендегі құжаттарды ұсынады:

Куәландыруды қажет ететін мәліметтер көрсетілген өтініш. Бланкілерді толтырудың қажеті жоқ; өтініш еркін түрде қабылданады, бірақ, онда міндетті түрде өтініш берушінің тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда), туылған жылы мен жері, азаматтығы, сондай-ақ құжаттарды іздеуді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін, сұранымдарды орындау үшін қажетті басқа да мәліметтер көрсетіледі. Қажет болған жағдайда өтінішке тиісті құжаттар (еңбек кітапшалары, жеке куәлік, актілер және басқалар) және материалдар немесе олардың көшірмелері қоса беріледі. Архивке тікелей жүгінген кезде өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаттың түпнұсқасы мен көшірмесі немесе сенім білдірілген тұлғаның өкілеттігін куәландыратын құжат болуы керек. Құжаттар пакетін қабылдау кезінде архив қызметкері көшірменің шынайылығын түпнұсқасымен салыстырып, түпнұсқасын өтініш берушіге қайтарады.

 

ӨТІНІШ БЕРУ ТӘРТІБІ

Өтініш беруші «Архивтік анықтамалар беру» мемлекеттік қызметін көрсету туралы өтінішті қажетті құжаттар пакетімен бірге:

– архивке тікелей жүгіну арқылы;

– архивке пошталық және электронды мекенжайлары арқылы;

–«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) арқылы;

– электронды сұраным үлгісін толтыра отырып, «электронды үкімет» веб-порталы (www.e.gov.kz) арқылы бере алады.

 

ҚЫЗМЕТТІ КӨРСЕТУ МЕРЗІМДЕРІ

1)  қызмет берушіге, Мемлекеттік корпорацияға, немес порталға жүгінген кезде – 11 (он бір) жұмыс күні.

Мемлекеттік қызмет көрсету үшін екі және одан да көп ұйымның, сондай-ақ бес жылдан асқан мерзімдегі құжаттарды зерделеу қажет болған жағдайда архив басшысы мемлекеттік қызмет көрсету мерзімін отыз күнтізбелік күннен аспайтын уақытқа ұзартуы мүмкін. Бұл туралы өтініш тіркелген күннен бастап 3 (үш) күнтізбелік күн ішінде өтініш берушіге хабарланады.

Мемлекеттік корпорацияға құжаттар тапсырылған күн мемлекеттік қызметті көрсету мерзіміне енгізілмейді;

2) құжаттарды тапсыруды күтуге берілген уақыт – 15 (он бес) минут;

3) қызмет көрсету уақыты – 15 (он бес) минут.

 

ҚЫЗМЕТТІ КӨРСЕТУ НӘТИЖЕЛЕРІ

1) қызмет берушіде, Мемлекеттік корпорацияда – архивтік анықтаманы беру;
2) порталда – архивтік анықтаманың дайын болғандығы туралы хабарлама.

Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижелерін ұсыну нысаны: электрондық және (немесе) қағаз түрінде.

 

НӘТИЖЕЛЕРДІ АЛУ ТӘРТІБІ

Архивтік анықтама, құжаттың архивтік көшірмесі немесе қызметтерді көрсетуден бастарту жөнінде дәлелді жазбаша жауап жеке қабылдау кезінде өтініш берушіге немесе жазбаша сенімхаты болған кезде басқа да тұлғаларға беріледі, немесе өтініш берушінің пошталық мекенжайына немесе Мемлекеттік корпорацияға жолданады.

 

ҚЫЗМЕТТІ КӨРСЕТУДЕН БАС ТАРТУ СЕБЕПТЕРІ

Қызметтерді көрсетуден бас тарту төмендегі себептерге:

– өтініш берушінің толық құжаттар пакетін ұсынбауына немесе сенімді емес мәліметтері бар құжаттарды ұсынуына;

– өтініште сұранымды орындау үшін қажетті мәліметтердің болмауына байланысты болуы мүмкін.

 

ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ БОЙЫНША ШАҒЫМДАР

Мемлекеттік қызметті ұсыну сапасына қатысты шағымдар болған жағдайда шағым Павлодар облысы архивінің директорына немесе мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысына беріледі. Шағымдар жазбаша түрде пошта арқылы немесе Павлодар облысының архив директорының немесе мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының жеке қабылдауында қабылданады.

Мемлекеттік корпорация арқылы көрсетілген қызметтердің сапасы бойынша шағымдар осы орталық директорының атына беріледі.

Шағымдар Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 12 қаңтардағы № 221-ІІІ «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» (2014 жылғы 3 шілдедегі жағдай бойынша өзгертулермен және толықтырулармен) Заңында белгіленген тәртіп пен мерзімдерде қаралады. Жауап өтініш авторы көрсеткен мекенжайға жолданады.