Электрмен жабдықтау

Электр желілеріне қосылу тәртібі жеңілдетілді

Электр энергиясымен жабдықтау желілеріне қосылу рәсімін жеңілдету мақсатында 2017 жылғы 01 ақпаннан Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы заңнамасына өзгерістер енгізілді.

«Электр энергиясын пайдалану қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 25 ақпандағы № 143 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2016 жылғы 8 желтоқсандағы № 521 бұйрығымен Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 25 ақпандағы № 143 бұйрығымен бекітілген Электр энергиясын пайдалану қағидаларының 22-тармағы алынып тасталды:

«Сараптама ұйымы электр қондырғысын пайдалануға енгізбес бұрын электр қондырғысына энергетикалық сараптама жүргізеді. Тұтынушының электр қондырғысын салуға, қайта құруға немесе жаңғыртуға жобалық құжаттамасын әзірлеген сараптама ұйымының электр қондырғыларының энергетикалық сараптамасын жүргізуіне жол берілмейді».

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы заңнамасына келесі өзгерістер мен толықтырулар енгізілген болатын:

  • Электрмен жабдықтау желілеріне қосылуға шарттарды беру мерзімі қысқартылды (тұтынушылардың қуаты 200 кВт-қа дейінгі электр қондырғыларына 14 күннен 5 күнге дейін);
  • Тұтынушылардың электр қондырғыларының жобалық шешімдерін энергия беруші ұйымдармен келісімдеу мерзімі қысқартылды (тұтынушылардың қуаты 200 кВт дейінгі электр қондырғыларына 20 күннен 3 күнге дейін);
  • Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау жөніндегі мемлекеттік органнан электр желілеріне қосылуға рұқсат алу қажеттілігі жойылды;
  • Электрмен жабдықтаушы ұйыммен электр энергиясымен жабдықтау шарттарын жасасу уақыты 7 күннен 3 күнге дейін қысқартылды.
  • Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2016 жылғы 20 мамырдағы № 214 бұйрығымен Электрмен жабдықтаудың сенімділігі көрсеткіштерінің нормативтік мәндері, сондай-ақ оларды айқындау қағидалары бекітілді.

Өзгертілді: 16.02.2017 14:34
Орналастырылды: 24.03.2017 08:35

Электрмен жабдықтау желілеріне қалай қосылуға болады?

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 25 ақпандағы № 143 бұйрығымен бекітілген Электр энергиясын пайдалану қағидаларына сәйкес, энергия беруші немесе энергия өндіруші ұйым тұтынушыдан өтінім алғаннан кейін төмендегі мерзімде жаңа енгізілген немесе жаңартылған электр қондырғыларын қосуға техникалық шарттар береді:

  • қуаты 200 килоВатт (бұдан ары – кВт) дейінгі электр қондырғыларына – 5 жұмыс күні ішінде (бұған дейін бұл рәсім 14 күнді алатын);
  • қуаты 200 кВт – 1000 кВт аралығындағы электр қондырғыларына 10 жұмыс күні ішінде;
  • қуаты 1000 кВт-тан жоғары электр қондырғыларына 15 жұмыс күні ішінде.

Салынып жатқан объектілерді электрмен жабдықтау үшін тұтынушыға құрылыс кезінде уақытша техникалық шарттар беріледі.

Техникалық шарттар энергия беруші ұйымның электрлік желілеріне немесе энергия өндіруші ұйымның электр қондырғыларына қосылуға техникалық мүмкіндігі болған жағдайда беріледі.

Техникалық шарттарды беру және қайта ресімдеу үшін төлем алынбайды.

Тұтынушылардың электр қондырғыларының құрылысына, реконструкциясына немесе жаңғыртылуына арналған жобалау құжаттамасы құрылыс-монтаждау жұмыстары басталғанға дейін техникалық шарттарды берген энергия беруші немесе энергия өндіруші ұйыммен келісіледі.

Электр қондырғыларының жобалық шешімдері берілген техникалық шарттарға сәйкестігі мәніне төмендегі мерзімде келісіледі:

қуаты 200 кВт дейінгі электр қондырғыларына – 3 жұмыс күні ішінде (мерзімі 20 күннен 3 күнге дейін қысқарды);

қуаты 200 кВт – 1000 кВт аралығындағы электр қондырғыларына – 7 жұмыс күні ішінде;

қуаты 1000 кВт жоғары электр қондырғыларына – 12 жұмыс күні ішінде.

Құрылыс-монтаждау жұмыстарына рұқсат алу қажетілігі жойылды. Қазіргі уақытта жобалаушының жұмыстардың басталғаны жөнінде мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына электронды түрде хабарлама жолдауы жеткілікті.

Енді электр энергетикасы саласындағы құзыретті қадағалау және бақылау органының рұқсатын алу қажеттілігі жоқ.

Электрмен жабдықтаушы ұйыммен электр энергиясымен жабдықтау шарттарын жасасу уақыты 7 күннен 3 күнге дейін қысқартылды.

Электрмен жабдықтаудың сенімділік көрсеткішінің бекітілген мәнін сақтамағаны үшін энергия беруші ұйымдардың басшыларын әкімшілік жауапкершілікке тарту енгізілді.

Осы салада жүргізілген жұмыс елімізге Doing Business-2017 халықаралық рейтингісінде посткеңестік кеңістікте өзінің позициясын 27 орынға ілгерілетуге мүмкіндік берді (жалпы, Бүкіләлемдік Банк рейтингісі бойынша Қазақстан әлемнің 190 елінің ішінде 35-орынға шықты).

Өзгертілді: 15.02.2017 14:29
Орналастырылды: 24.03.2017 08:34