Көрікті жерлер

Павлодар – солтүстік Қазақстанның мәдениет пен өнер орталығы. Павлодарлықтар өз халқының мәдениеті мен тарихи ескерткіштерін көздің қарашығындай сақтап келеді. Қалалықтар мен шаһар конақтары музейлер мен көрмелерге жиі барып тұрады. Ертістің Павлодар өңірі – атақты ғылым, мәдениет пен өнер санлақтарының отаны. Осы жердің қасиетті топырағында Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Бұқар жырау Қалқаманұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Жарылғапберді Жұмабайұлы, Жаяу Мұса, Иса Байзақов, Естай Беркімбаев, Майра Шамсутдинова, Шапық Шөкин, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Әбікен Бектұров, Жұмат Шанин, Дихан Әбілов, Шәкен Айманов, Мұзафар Әлімбаев, Қалижан Бекхожин, Павел Васильев, Жабайхан Әбділдин, т.б. ғұлама ақын-жазушылар мен ғалымдар дүниеге келген. Қалада екі драма театры, төрт мәдениет үйі мен сарайы, мәдени ойын-сауық орталығы, үш саябақ, бес музей жұмыс істейді. Тарихи және архитектуралық ескерткіштер де жетерлік. Олардың арасында төрт мұнаралы Мәшһүр Жүсіп атындағы мешіт, орыс православиелік соборы, католиктер шіркеуі, Ертіс өзенінің жағажайы бар. Дамыған қызмет көрсетулер, заманауи қонақ үйлер, мейрамханалар мен дәмханалар, бильярд залдары, спорт клубтары, кинотеатрлар мен басқа да ойын-сауық орталықтары баршылық. Ертіс өзенінің бойындағы қонақжай қаланың туристер мен қонақтарға құшағы әрқашан айқара ашық.

 

Павлодар қаласындағы Мәшһүр Жүсіп атындағы мешіт

Павлодар қаласындағы бас мешіт 1500 орынға шақталып, 6 гектар жерді алып жатыр. Оның саябағы, медресесі, Кутузов, Кривенко, Қайырбаев көшелерінен кіру есіктері бар.

Бас мешіттің құрылысы облыс кәсіпорындарының демеушілігі, инвестициялар және қала тұрғындарының садақалары есебінен жүзеге асырылды. Негізгі демеушілері – «Қазақстан алюминийі» АҚ, «Евроазиаттық энергетикалық корпорация» ААҚ, «Павлодар мұнай өңдеу зауыты», «Казхром Ақсу ферроқорытпа зауыты Трансұлттық компаниясы» АҚ, «Вторчермет» АҚ.

Мұнда 238 жұмысшы 3 ауысыммен жұмыс істейді.

Мешіт ғимараты 48х48 метрлік сегізбұрышты жұлдыз түрінде салынған, 1200 орындық ерлер намаз оқитын залдың диаметрі – 30 метр, күмбездің биіктігі – 33 метр. Мешіт ғимаратының көлемі – 48х48 метр, мұнараларының биіктігі – 63 метр, аймен бірге күмбездің биіктігі – 54 метр, жалпы ауданы – 7240 шаршы метр.

Бірінші қабатта медресенің оқу сыныптары, неке қию залы, 200 орындық асхана және оның қосалқы бөлмелері, 300 орындық әйелдер намаз оқитын зал, дәрет алу жайлары, холл орналасқан.

Екінші қабатта 1200 орындық балконы бар намаз оқу залы, ислам мәдениетінің мұражайы, кітапхана, бейнезал, қызметтік жайлар, холл жайғасқан.

Негізгі ғимараттың екі қабаты мен мұнаралары кірпіштен, күмбезі темір құрылымдардан жасалған.

 

Благовещенск кафедралды соборы

1999 жылдың 23 қазаны күні Павлодарда Благовещенски кафедралы соборы ашылды. Павлодарлық сәулетшілер Мәскеудегі Кремльдің бір соборын негізге ала отырып, аталмыш шіркеуді жобалайды. Тоғыз қоңыраудың бәрі Мәскеудегі Лихачев атындағы зауытта құйылған. Ең үлкен қоңыраудың салмағы – 1024 кг, ең кішкентайының салмағы – 4 кг. Шіркеу бұйымдары Мәскеу жанындағы Софринода, ішінара Павлодар қаласындағы жиһаз фабрикасында дайындалған. Тастан жасалған күмбез сәулет саласында жиі кездесе бермейді, ал күмбездегі алтын жалатқан крест 51 метр биіктікте орнатылған. Шіркеудің айшықты күмбезі мен дарбазасы, алтын крестері, әдемі мұнарасы, қоңыраулары – шіркеуге бірегей сәулет ансамблі көрінісін беріп тұр.

 

Ертіс өзенінің жағалауы – шаһар тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орны. Жағажай табиғи бедерді негізге ала отырып, терраса қағидасы бойынша салынған. Жоғарғы терраса – бұл қолданыстағы сквер. Басты терраса – қолданыстағы аллеяны біртұтас жағажайға біріктіруші орталық аллея, ал төменгі терраса – жағажай.

Композициялық шешімнің негізгі өзегі – түсе берістің орталық осі. Негізгі түсе берісте баспалдақтар мен субүркектер бар. Орталық жағажай қаланың орталық алаңымен шектесіп, бүтін бір сәулет ансамблін құрайды. Аталмыш жобаны «Павлодар-гражданпроект» институты әзірлеген.

 

Сорокин көпестің үйі 1890 жылы малмен сауда жасаушы байға арналып салынған. Үлкен терезелі, биік қабырғалы үйдің кең жертөлесі бар. 1944 жылы мұнда қаладағы ең бірінші өлкетану мұражайы болса, бүгінде бұл үйде облыстық тарихи-өлкетану музейінің қоры орналасқан.

 

Халықтар үйі Павлодарда 1902 жылдан бері танымал. Оның шайханасы, кітапханасы бар 160 адамға арналған оқу залы, сахнасы мен жексенбілік мектебі болған. Мұнда қайырымдылық кештері, театрланған қойылымдар, рухани тақырыптарға әңгімелесулер өткізілген. Халықтар үйі мәдениеттің орталығы болған.

 

Майра Шамсутдинова атындағы ән шығармашылығы үйі 2001 жылғы 30 қаңтарда құрылды. Мұражай-үй тұрғындарды жерлесіміз, 20-шы ғасырдың әншісі әрі композиторы Майра Шамсутдинованың өмірі және шығармашылығымен таныстырады. Майра бала кезінен бастап ән салып, гармонда ойнайды, өлең шығара бастайды. Әнші өзінің қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырында бірнеше ән жазған. Ол әндер танымал этнограф А.В. Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 және 500 әні» атты жинағына енген. Мұражай Абдул Фаттах Рамазанов көпестің үйінде орналасқан.

 

Владимир училищесі – қаланың ең алғаш кірпіш ғимараттарының бірі. Ол А. Деров көпестің қаражатына салынған. Павлодардағы үш класты қалалық училище 1872 жылы салынып, 1888 жылы жаңа ғимаратқа көшті.

1910 жылдан бастап бұл оқу орны Владимир училищесі деп аталды, өйткені білім ордасының қасындағы базар алаңында Владимир соборы бөй көтере бастаған болатын.

Павлодарда ғана емес, облыс бойынша ең көне оқу орны болып саналатын білім ордасы педтехникум – педучилище – педколледж деген атаулармен танымал. Аталмыш оқу мекемесінде әлі күнге дейін жастар білім нәрімен сусындауда. Бүгінде бұл ғимаратта Б.А. Ахметов атындағы педагогикалық колледжі орналасқан.

 

А. Деров көпестің сауда үйі – павлодарлықтардың сәулет саласындағы мақтанышы. Ғимарат 1896 жылы сәулетші П. Батовтың жобасымен қаланың құрметті азаматы әрі бірінші гильдия көпесі А.И. Деровтың ақшасына тұрғызылған. Бұл үй шаһардың көпестік бөлігіндегі ең ұзын әрі көлемді құрылыстарының бірі болып саналады. Сауда үйі – өте үлкен ғимарат, қазіргі таңда бұл сібірлік «модерн» стилінде салынған көпестік сәулет ескерткіші болып табылады.

Ғимараттың есік-терезелеріне, жоғары жақтаулары мен балкондарына баса назар аударылған. Қабырғалары дөңгелек розеткалар мен дөңестер тәрізді безендірілген. Ғимараттың жоғары жағында өрнекті торлы мұнарлар бар. Екінші қабатта балкон орналасқан. Бүгінде аталмыш ғимарат Филатовтың бұрынғы үйімен жалғасып тұр. Ғимаратта облыстық тарихи-өлкетану музейінің экспонаттары орналасқан.

 

Ленин көшесінің бойында сауда үйлерінің қатары орналасқан. Олар 1901 жылы базар алаңында орын алған өрттен кейін 1903-1904 жылдары салынған. Базар алаңы қаланың сауда орталығы болған. Мұнда салынбаған Владимир соборының күмбезі мен Коромыслов ағаш циркі орналасады. ҰОС жылдары бұрынғы сауда қатарлары «Октябрь» зауытына беріледі. 1956 жылы сауда қатарларының солтүстік жағынан «Колос» кинотеатры ашылады. Қазіргі уақытта ғимарат жекеменшік тұлғаға тиесілі, алайда ҚР заңына сәйкес қалпына келтіру жұмыстарын жүргізген кезде қожайын ғимараттың тарихи көрінісін сақтап қалуы шарт. Бүгінгі таңда сауда қатарлары қайта қалпына келтіріліп, ғимараттың тарихи көрінісі жаңадан жасалған.

 

Орыс драма театрының ғимараты бұрындары Суриков көпес пен ағалы-інілі Баладин көпестердің дүкені болған. Бұл үйлер 19 ғасырдың 90-шы жылдары салынған. Екі үй бүгінгі күнге дейін жеткен тас дарбазамен қосылып тұр. 1920 жылдан кейін үйлердің бірінде «Ударник» кинотеатры орналасқан, ал 1969 жылдан бастап «Пионер» кинотеатры жайғасқан. 1982 жылғы өрттен кейін ғимарат қайта қалпына келтіріліп, А.П. Чехов атындағы драма театрына беріледі. Ағалы-інілі Баландин көпестердің екі рет қайта салынған үйі 1925 жылы қызыл әскер клубы болып, Жұмысшы клубы деп аталады. Осы күні мұнда А.П. Чехов атындағы драма театры орналасқан. Ғимараттың алғашқы көрінісін беру үшін қызыл кірпішпен қапталған.

 

Охапкин көпестің үйі

Бұл – ескі Павлодардағы ең ірі ғимараттардың бірі, Ленин көшесінің бойында драма театрға қиғаш тұр.

Өткен ғасырдың басына тән модернизм мен көпес сәулетінің элементтері бар ғимарат. Ғимараттың қабырғалары мен бұрыштары шығыңқы келеді, шатыры мәрмәр ваза мен паркеттен жасалған, өрнекті торлар қойылған.

1917-1920 жылдарға дейін С.Я. Охапкин үйді әртүрлі сақтандыру және банк контораларына жалға берген. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылынан бүгінгі күнге дейін ғимарат медициналық мекеме болып келді.

 

1928 жылғы 1 шілдеде бұрынғы базар алаңына Лениннің ескерткіші қойылып, ескерткіштің жан-жағына сквер салынады. Барлық қалалық іс-шаралар осы скверде өткізіледі. Бара бар бұл жер қалалықтардың демалыс орнына айналып, «Ленпарк» аталып кетеді.

1941 жылғы 22 маусымда Ленин атындағы саябақта шеру өтіп, ҰОС-ның басталғаны жеткізіледі. Осы жерден үш жүзден астам қалалықтар өз еркімен майданға аттанады. 1955 жылға дейін «Ленпарк» шаһардағы жалғыз саябақ болады. 1961 жылы мәскеулік студенттер ертегі кейіпкерлерінің мүсіндерін жасап, кішкене балаларға тарту етеді. Сол мүсіндер күні бүгінге дейін келушілерге көтеріңкі көңіл күй сыйлауда.

 

Д.П. Багаевтің мұражай-үйі

Бұл үйде фотограф әрі өлкетанушы, тарихи-өлкетану музейінің негізін қалаушы, Павлодардың бірегей фотошежіресін құрастырушы Дмитрий Поликарпович Багаев өмір сүрген әрі жұмыс жасаған. Үйге жалғастыра салынған төбесі шыны фотосалон, үлкен панно мен интерьер заттары сақталған.

 

Атақты «Фурор» электротеатры қаладағы үздіктердің қатарында болды. Кірпіш ғимарат қаланың ортасында орын тепкен. Оған дәл жолға шығатын бұрыштан кіреді. Кинотеатрда салқындатылған сусындары бар буфет жұмыс істеді. Билет бағасы 20-дан 50 тиынға дейін болған. Аталмыш ғимарат әлі күнге дейін сақталған, жекеменшік тұлғаға тиесілі.

 

1901 жылы болған өрт салдарынан қаланың ағаш құрылымдары мен мешіті жанып кетеді. Жанып кеткен мешіттің орнына 1905 жылы Фаттах Рамазанов көпестің қаражатына жаңа тас мешіт бой көтереді. Мешітке биік мұнаралары мен күміс айшық сән беріп тұрды. Алланың үйі ақ түске боялғандықтан ел арасында «Ақмешіт» деген атқа ие болды. Мешіттің жан-жағы шарбақпен қоршалып, көріктендірілді. 2005 жылы мешіттің жүз жылдығына орай ғимарат қайта қалпына келтіріліп, күрделі жөндеуден өтті.

 

Осиповтің үйі

Жергілікті тарих үшін маңызы бар аталмыш ғимарат 1907 жылы тұз кәсібімен айналысқан қалалық басшы И.Л. Осипов көпестің отбасына арналып салынған. Бір қабатты кірпіш ғимарат көпес сәулеті стилінде тұрғызылған. Қазіргі күні жекеменшікте.

 

Зайцев көпестің үйі

Зайцев көпестің үйі ағаш сәулет өнері саласындағы Павлодардың мақтанышы болып табылады. Үй 1897 жылы сыра зауытының иесі, кейін қала басшысы болған Пятковтың тапсырысы бойынша салынған. Үлкен ағаш үй ою-өрнектермен безендірілген, шатырына металл жақтау қойылған. Үйдің қабырғасы, терезе қақпағы мен есігі шебердің қолынан шыққан шілтермен әшекейленген тәрізді. Өрнектерді Батов сәулетшінің нобайымен павлодарлық және славгородтық шеберлер Косарев, Чечеткин, т.б. ағаштан ойып жасаған. Ғимараттың тағы бір ерекшелігі – дөңгелек дәлізі. Тұрғындардың айтуынша, аталмыш дәліз Пятков көпестің ауру қызына арнайы тапсырыспен салынған. Үй ішіндегі камин де сақталған. Кейін үйді мал саудасымен айналысқан Зайцев көпес сатып алады. 1990 жылдан бері мұнда әдебиет мұражайы орналасқан.

 

«Астана» – мұз сарайы

«Астана» мұз сарайы – 1800 шаршы метр жерді алып жатқан бірегей ғимарат. Басты орынды жасанды мұздан жасалған 250 конькишіге арналған мұз айдыны алып жатыр. мұз бетін ерекше полимер партофлормен жапса, мұз айдыны баскетболдан, волейболдан және т.б. жарыс өткізетін спорт залына айналады.

Тоңазытқыш қондырғылар тәулік бойы жұмыс істейді, олар ғимарат ауасына ерекше тазалық беріп тұрады.

Мұзды тазалау және түзетуге арналған арнайы машина бар. Сонымен қатар жаңа заманғы жаттықтырғыштар және душ кабиналарымен жабдықталған ерлер және әйелдер жаттығу залдары бар. Онда тәжірибелі жаттықтырушы мамандардан кеңес алуға болады.

Әйелдер фитнес клубы, бассейні бар сауна, 6 теннис үстелі, буфет, спорт киімі дүкені жұмыс істейді.

Қазіргі кезде хоккей және конькимен мәнерлеп тебу секциялары жұмыс істейді.

Қазақстан және Ресейдің хоккей клубтары арасында кездесу жарыстары өткізіліп тұрады.

 

Торайғыров пен Сәтбаев көшелерінің қиылысқан тұсында 2000 жылғы 25 қазан күні қазақ ақыны, демократшы, Баянауыл ауданының тумасы, қамшының сабындай қысқа ғұмырында өшпес мұра қалдырған Сұлтанмахмұт Торайғыров ескерткіші орнатылды.

Ескерткіш қоладан, тұғыры қызыл әрі қара мәрмәр тастан жасалған. Оның авторы – еңбек сіңірген өнер қайраткері Есхан Сергебаев. Ақын ескерткіші қала көркін кіргізіп, республикалық маңызды болып саналады.

 

Павлодар облыстық тарихи-өлкетану мұражайы

Павлодар облыстық өлкетану мұражайы – облыстың ірі ғылыми-зерттеу және мәдени-ағарту орталықтарының бірі, ол өлкенің өткені мен бүгінін байланыстырушы саты болып табылады. Ол 1942 жылы құрылған болатын. Онда ғылыми кітапхана мен екі филиал бар – Д.П.Багаевтің мұражай-үйі және Майра Шамсутдинова атындағы ән шығармашылығы үйі. Мұражайдың мақтанышы және шығармашылық көрсеткіші – оның қорлары. Мұражай қорларының коллекциялары жылдан жылға толығып келеді, олардың ғылыми өңделуі де жетілдірілуде. Мұражай қорларында негізгі қордың алпыс мыңнан астам экспонатты бар. Облыстық тарихи-өлкетану мұражайы базасында Ертістің Павлодар өңірін зерттеу бойынша археологиялық және этнографиялық экспедициялар жүргізіледі.