Астық жинауға кірісті

Павлодар облысының шаруалары астық жинау науқанына кірісті. Облыстық әкімдікте өткен аппарат кеңесінде астық жинау науқанын табысты жүргізу мәселесі талқыланды.

Аппарат кеңесі кадрлық тағайындаулардан басталды. Аймақ басшысы мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департаменттің жаңа басшысын таныстырды. Бұл лауазымға бұған дейін Атырау облысының мемлекеттік қызмет істері департаментін басқарған Тоқтасын Жұмағұлов тағайындалды. Сонымен қатар, Болат Бақауов екі басқарманың біріктірілгені туралы хабарлады. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы мен жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармалары қала құрылысы мен жерді бақылау басқармасы болып қайта құрылды. Жаңа ведомствоның басшысы болып бұған дейін сәулет-құрылыс бақылау басқармасына жетекшілік еткен Азамат Нығматов тағайындалды.

Аппарат кеңесінде баяндама жасаған ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрлан Сәдібеков ағымдағы жылы астық 1,097 миллион гектар алқаптан жиналатынын хабарлады. Олардың ішінде 785 мың гектар дәнді дақылдарға тиесілі.   

– Қазірдің өзінде 7,8 мың гектар алқапта дәнді дақылдар жиналды, – деді ол. – Дәнді дақылдардың болжалды жалпы өнімі 794 мың тоннаны құрайды. Астықтың орташа шығымдылығы – гектарынан 10,1 центнер. Астықтың ең жоғары шығымдылығы Шарбақты ауданында тіркелді. Мұнда бұл көрсеткіш гектарынан 17,5 центнерді құраса, ең төмен көрсеткіш Тереңкөл ауданында – гектарынан 8,6 центнер.

Сондай-ақ, Ертіс өңірінің фермерлері картоптың ерте жетілетін сұрыптарын жинауды да бастады. Қазіргі таңда 20 мың тонна картоп жиналса, жалпы алғанда, биыл 580 тонна картоп жинау жоспарланған.

– Картоптың бағасын тұрақтандыру мақсатында жиналған өнімді қорға жинау мәселесімен айналысу қажет, – деді облыс әкімі. – Шаруаларға жиналған картопты өзге өңірлерге сату бойынша қолдау көрсетуміз тиіс.

 

Суреттерді түсірген Валерий Бугаев


13/08/2019 80