Көркемсөз оқу шеберлерi бақ сынасты

Облыс мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен 2019 жылғы 9 тамызда XXI Қазақстан халқы тілдерінің республикалық фестивалі аясында Аққулы ауданында Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық конкурсы өткізілді.
Көркем әдебиеттi насихаттауды жандандыру, қазақтың ұлы жазушыларының және ақындарының шығармаларын насихаттау арқылы қазақ мәдениетіне, тілі мен әдебиетіне, ділі мен дініне деген жастардың құштарлығын арттыру мақсатында өткізілген шараға 17-29 жас аралығындағы қалалық және аудандық конкурстардың жеңімпаздары қатысты.
Өңірлік деңгейде көркемсөз оқу шебері атанған қатысушылар байқаудың ережесіне сәйкес екі кезең бойынша бақ сынасты.
Бірінші кезеңде Бейімбет Майлиннің, Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына орай аталған қаламгерлердің шығармаларынан немесе қазақ әдебиетіндегі көрнекті прозалық шығармаларынан үзінді оқу.
Екінші кезеңде Сәбит Дөнентаевтың, Ілияс Жансүгіровтың 125 жылдығына және Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына орай поэзиялық шығармаларынан үзінді оқу талаптарын орындады.
Аталған шараның құрметті қонақтары болып академик, философия ғылымдарының докторы, абайтанушы, Павлодар облысының Құрметті азаматы Ғарифолла Есім, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айзада Құрманова, «Ғазиза» қоғамдық қорының директоры, журналист Мақсан Жарылғасынұлы, филология ғылымдарының кандидаты Шаңбай Тұрсын, Ресей Федерациясы Алтай өлкесіндегі қазақ диаспорасының төрағасы Сапарбек Маусымбаев қатысты.
Үмiткерлердiң өнерiн сарапқа салып, әдiл бағасын беретiн қазылар алқасы ретінде абайтанушы, тіл жанашыры, зиялы қауым өкілі Даниял Сабырұлы Әсенов, С. Торайғыров атындағы ПМУ «Қазақ тілі мен журналистика» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Айман Файзоллақызы Зейнулина, Аққулы аудандық білім бөлімінің әдіскері Айжан Абзалбекқызы Макишева шақырылды.
Байқау қорытындысы бойынша Бас жүлдені Успен ауданының үміткері Құрметжан Ербақ иеленсе, І орынға Ертіс ауданының үміткері Шарипов Қуанышбек, ІІ орынға Аққулы ауданының үміткері Тілеген Айбек, ал ІІІ орынға Павлодар ауданының үміткері Хауметхали Әйгерім лайықты деп танылды. Барлық жеңімпаздар мен қатысушыларға басқарма тарапынан дипломдар, алғыс хаттар және бағалы сыйлықтар табысталды.
Облыстық конкурстың жеңiмпазы Құрметжан Ербақ Талдықорған қаласында өтетін республикалық байқауға қатысуға жолдама алды.

 

Павлодар облысы мәдениет,
тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы


12/08/2019 83