Кенжекөл ауылында мүгедектерді оңалту кабинеті ашылды

Онда мүмкіндігі шектеулі жандарға барлық жағдай жасалған, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі. 

Оңалту кабинеті Павлодар қаласына қарасты Кенжекөл ауылындағы мәдениет үйінің ішінен ашылды. Емделушілерді Бақберген Қаламұш есімді азамат қабылдайды. Атап өтерлігі, Бақбергеннің өзі мүгедектер арбасына таңылған жан. Әскерде жүрген кезінде орын алған бақытсыз жағдайдан кейін осындай күйге түскен. Дәлірек айтсақ, бірнеше жыл бұрын әскери борышын өтеп жүрген уақытта оның үстіне екі қабатты кереует құлап, омыртқасын зақымдаған. Аяғынан қаз тұрып, жүріп кетуді армандайтын ол, енді өзгелерге де қол ұшын созбақ.

 

– Кабинетті ашу үшін алдымен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында арнайы курстан өттім және жеке ісімді ашуға грант алдым. Алайда, Кенжекөлден мүгедектерге арналған арнайы жаттығу залын ашатын орын таба алмай қиналдық. Ақыры көмек сұрап, облыс әкімінің жеке қабылдауына жазылдым. Болат Жұмабекұлы көмектесемін деп уәде берді. Ол сөзінде тұрды, – дейді Бақберген.

Оңалту кабинетін қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін ERG компаниясының атынан жоба иесіне 5 млн теңге грант берілді. Неліктен ERG көмектесті десек, Бақберген Қаламұш бұған дейін Ақсу ферроқорытпа зауытында жұмыс істеген екен. Осылайша, Еуразиялық топтың өкілдері бұрынғы қызметкеріне қолдау көрсетуді жөн көріпті.  

Кабинет Кенжекөл ауылында ашылған жаңа мәдениет үйінің базасында жұмыс істейтін болады. Мәдениет үйінде 300 орындық зал, би залы және түрлі үйірмелерге арналған кабинеттер бар.

– Кенжекөлден жаңа мәдениет үйін салу мәселесі көптен бері айтылып жүрді. Біріншіден, Кенжекөл облыс орталығының іргесінде орналасқан ауыл. Павлодар қаласына қарайды. Екіншіден, Кенжекөл ауылдық округіне жататын елді мекендерді қоса есептесек, мұнда 11 мыңнан астам халық тұрады. Сондықтан жергілікті билік үшін аталған мәселені жеделдетіп шешу маңызды болды. Бұған дейін мұндай нысандар Ленин кентінде, Жаңауыл мен Теміржолшылар елді мекенінде бой көтергенін жақсы білесіздер. Жаңа нысан қаңырап бос тұрмайды деп сенемін. Бұл бірінші кезекте ауылдықтардың белсенділігіне тікелей байланысты, – деген болатын Кенжекөлдегі мәдениет үйінің ашылу рәсімінде Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов.

 

 

Адиль Аскеров

Суреттерді түсірген Валерия Бугаева


03/10/2019 25