Мұражайда өткен демалыс күндер

Оқушылардың күзгі демалыс күндері павлодарлық мұражайлар “Мұражай достарды шақырады” акциясын бастады. Бұл Г.Н. Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде басталды. 

– Біз қаланың барлық мектептерін осы шараны бірігіп атқаруға шақырдық, – деді Г. Н. Потанин атындағы мұражайдың экскурсиялық-бұқаралық жұмыс бөлімінің меңгерушісі Надежда Майба.  – Балалардың осы күзгі демалыста мұражайларға саяхат жасауға мүмкіндігі бар. Бірегей экспонаттар туған өлкенің тарихы мен мәдениеті туралы баяндайды. Сондықтан оқушылар уақыттарын тиімді пайдалануға жұмсайды. Осындай мүмкіндік беру үшін «Музей достарды шақырады!» акциясы жарияланды.

Акция кезінде мұражайға кіру төлемі 50 теңгені құрайды. Г. Н. Потанин атындағы мұражайдан басқа, кішкентай павлодарлықтар Майра Шамсутдинова ән шығармашылық үйінде “Майра ән мұрасы”, сондай – ақ Багаев мұражай-үйінде “Багаев фотосуреттеріндегі тарих” атты экскурсияға бара алады.  П. Васильев мұражай – үйінде Сәкен Сейфуллиннің туғанына 125 жыл толуына арналған “Қазақ даласының қыраны” атты әдеби сабақ, ал Шафер мұражай-үйінде “Тарихтың дауыстыы шежіресі” әуендерін тыңдау өтеді.

“Мерейтойлық тостаған” көрмесін өз қорларынан облыстық көркемсурет мұражайы дайындады. Қалалық білім беру бөлімінде оқу жылының соңына дейін мұражайлардың экспонаттарымен 40 мыңнан астам оқушы танысады деп жоспарлануда.


30/10/2019 122