Мемлекеттік рәміздер күніне арналған патриоттық акция

«Менің Елтаңбам! Менің Туым! Менің Гимнім!» акциясына аймақтың 800-ге жуық тұрғыны қатысты. Павлодарлықтарды Мемлекеттік рәміздер күнімен облыс әкімінің орынбасары Асхат Оралов құттықтады.

 

– Біздің Туымыз басқа да тәуелсіз елдердің тулары арасында беделді халықаралық ұйымдардың алдында желбірейді. Біздің әнұран олимпиада ойындары мен әлемдік біріншіліктердің биік тұғырында шырқалады. Біз еліміздің жетістіктерін мақтан тұтамыз және шынайы патриотизмді көрсетеміз. Ең алдымен, бұл Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздеріне құрметпен қарау. Ол әрбір қазақстандықтың жоғары азаматтық позициясының көрінісі ретінде біздің мемлекетіміздің күші мен қадір-қасиетін айғақтайды. Бүгінгі шеру жастардың жоғары азаматтық позициясын көрсетеді, – деп атап өтті Асхат Оралов.

 

ҚР ІІМ Павлодар оқу орталығының кадеттеріне мемлекеттік үлкен жалауды құрметтеу миссиясы тапсырылды. Өлшемі 5-тен 10 метрлік байрақты 40 адам шығарды. – Мен үшін еліміздің рәмізін сақтау үлкен мәртебе, – дейді 26 жасар курсант, полицей жүргізуші Асанәлі Әбдіқалықов. – Осы акция кезінде біз көтеріңкі көңіл-күйде болдық, мереке рухын сездік.

 

Алаңда әр түрлі республикалық музыкалық байқаулардың жеңімпаздары мен лауреаттары өнер көрсетті. Қазақстанда және шет елдерде танымал “Джамбо” би ансамблі көрермендерді қуантты.

– Біздің ұжымымызға жақында 25 жыл болады, – дейді Ис Қалдашева. – Бүгін “Менің Қазақстаным” атты биді жоғарғы топтың шығармашылықтағы 10 ең үздік балалары орындады. Ансамбльде жасына қарай бөлінген үш топта 50-ге жуық бала бар. Біз барлықтарыңызды мерекемен құттықтаймыз. Мемлекеттік рәміздер-бұл біздің өткеніміз бен болашағымыз. Біз оларды сақтап, құрметтеуіміз керек.

 

Іс-шараның шарықтау шегі – акциядағы бүкіл 800 адамның қатысуымен Қазақстанның әнұранын орындау болды.

 


04/06/2019 75