Мерекелік сыйлықтар

Тұңғыш Президент күні қарсаңында Павлодарда жаңа екі үй және полиция қызметкерлеріне арналған жаңартылған спорт кешені ашылды.

Жаңа «Сарыарқа» шағын ауданындағы екі үйдегі пәтерлерге 215 павлодарлық отбасы ие болды. Жаңа пәтерлердің бағасы бір шаршы метр үшін 121 мың теңгені құрайды.

– Бүгін біз маңызды іс –шара, яғни «Сарыарқа» шағын ауданындағы үйлердің пайдалануға берілуінің куәсі әрі тікелей қатысушылары болып отырмыз, – деді әкім. – Барлықтарыңыз осы үйлердің екі жыл бұрын қандай болғанын ұмытпаған шығарсыздар – ескі қамыстан жасалған екі қабатты үйлер. Ауданда құрылыс жұмыстарының басталатынына ешкім сенген жоқ. Алайда Елбасының қолдауымен біз тұрғын үйлерді салу мүмкіндігіне ие болып отырмыз.

Сондай-ақ, қалада жөндеу жұмыстарынан кейін «Динамо» спорт кешені ашылды. Ғимаратты жөндеу мақсатында бюджеттен 247 миллион теңге бөлінді.

– Бұл жерде спортпен шұғылдану үшін барлығы бар, – деді аймақ басшысы. – Нұрсұлтан Назарбаев әрдайым алдымызға спортты дамыту бойынша мақсаттар қояды. Сол себепті біз жаңа спорт кешендерінің салынуы мен ескілердің жөнделуін қолдаймыз.

Спорт алаңдарынан бөлек, кешенде құтқарушылар мен өрт сөндірушілерге арналған жаттығу алаңы қарастырылған. Сонымен қатар келесі жылы осында 25 метрлік бассейн ашылмақ. Осы мақсаттарға бюджет қаражатынан 397 миллион теңге бөлінді.


04/12/2018 379