«Нұрлы Ертіс» бағдарламасының аясында Павлодар облысына 617 адам көшіп келді

Жұмыс күші мол аймақтардан келген 103 көп балалы отбасы Екібастұзда қабылданады. Жыл соңына дейін Павлодар облысына тағы 280 отбасы қоныс аударуы тиіс.

Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов “Nurly Ertis” бағдарламасының іске асырылуы туралы мәслихат депутаттарының алдында есеп беру кезінде баяндады. Ол қоныс аударушылардың барлығы тұрғын үймен және жұмыспен қамтылғанын, ал балаларды балабақшалар мен мектептерге орналастыратынын атап өтті.

– Көшу үшін Екібастұзда облигациялық қарыздар есебінен салынған жаңа тұрғын үй іске қосылды, – деді аймақ басшысы. – Ұзақ уақыт бойы бұл үйлердегі пәтерлерді тұрғын үй құны бір шаршы метр үшін 100 мың теңгеге дейін төмендеген жағдайда да сата алмады. Келесі жылы біз “Nurly Ertis” бағдарламасын жүзеге асыруды жалғастырамыз. Осы жылы Екібастұз және Ақсу қалаларында 14 үйдің құрылысын бастауға жергілікті бюджеттен қаражат бөлінді. Құрылысты жалғастыру үшін 2020 жылы шамамен 8 миллиард теңге қажет. Қаржыландыру мәселесі шешілуде.

Павлодар облысының әкімі әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету өңірдің әлеуметтік-экономикалық саясатында басымдық екенін мәлімдеді. Сондықтан да тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға және әлеуметтік мәселелерді шешуге бюджеттен 52 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Облыста әлеуметтік көмекті 15 мыңнан астам адам алады. Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек 5919 отбасына төленді, ал көп балалы және аз қамтылған балалар үшін мектептерде тегін тамақтану, жол жүру және балабақшаларға бару қарастырылған.

– Мұқтаждарға көмек көрсету оларды экономикаға тартуға ынталандыруы тиіс, – деп еске салды Болат Бақауов. – Халықтың масылдық көңіл-күйінің өсуі болмауы керек. Бұл ретте бір жолғы көмек емес, жұмысқа орналастыру, қайта оқыту және өз ісін ашуға кредит беру тиімді тетік болуы тиіс. Бұған қалалар мен аудандардың барлық әкімдерінің назарын аударамын.

Павлодар облысының жастары ерекше қолдауға ие бола алады. “Жас шебер” өңірлік жобасы аясында әр ауылдық округте бизнеспен айналысуды жоспарлап отырған 15 адамнан жастар іріктелді. Олардың әрқайсысына өз жобаларын жүзеге асыруға барынша көмек көрсетілетін болады.      Жастар жылы біз флеш-мобтардан және бір жолғы әрекеттерден бас тарттық. Облыстың қалалары мен аудандарында жастар ресурстық орталықтарының қызметі ерекше бақылауға алынды.

– Біз жастарды өзін-өзі іске асыру, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру, бизнес-бастамаларды дамыту, жастар стартаптарын қолдау үшін барлық жағдайларды жасаймыз. – деді Павлодар облысының әкімі. – Бұл ретте жүйелі жұмыспен қамтылмаған жастар саны өте көп. Біз мұндай жастарды белсенді қызмет түрлеріне тартуға тиіспіз.

Суретін түсірген Валерий Бугаев


16/07/2019 180