Павлодар қаласындағы әуежай облыстық әкімдіктің коммуналдық меншігіне берілді

Меншік иесінің ауысуына қарамастан әуежай өз жұмысын бұрынғы режимде жалғастыратын болады.

Павлодарлық әуежайдың бұрынғы қожайыны «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры болатын. Қордың басшылығы әуежайды жекешелендіру аукционына қойған еді. Алайда, аэропорттың акцияларының жүз пайызын сатып алғысы келетіндер табылмады. Сондықтан, стратегиялық нысанды облыстық әкімдіктің коммуналдық меншігіне аудару туралы шешім қабылданды. Аэропорттың жұмысына өңірлік жолаушылар көлігіі және автомобиль жолдары басқармасы басшылық жасайды.  

– Қазір біз ағымдағы жұмысты жүргізіп, кәсіпорынның ішкі құжаттарын қалыпқа келтіріп жатырмыз, – деді басқарма басшысының орынбасары Диана Мұқанова. – Болашақта біз жаңа тасымалдаушыларды әріптестікке шақырып, ұшу желілерін кеңейтетін боламыз. 28 қазанда Павлодар – Новсібір әуе рейсі қалпына келтіріледі. 2020 жылдың мамыр айынан бастап «Fly Arystan» лоукостері Павлодар – Шымкент бағытындағы рейсті іске қосуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, облыс орталығын еліміздің батыс өңірлерімен байланыстыру да ойда бар.      

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы өкілдерінің айтуынша әуежайдың қарыздары жоқ. Қазіргі таңда аэропортта екі жүзден астам адам жұмыс істейді.

 

Фото: aeroport.kz


25/09/2019 49