«Павлодар» ӘКК» Ақсуда қант зауытын салатын инвесторларды тартуда

«Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы Ақсу қаласында қант зауытын салатын ресейлік инвесторлармен келіссөздер жүргізуде.

Кездесуде «Сасса» инвестициялық-консалтингтік топ өкілдері атап өткендей, Қазақстан бүгінгі таңда 27% өз елін қантпен қамтып отыр. Ал, Павлодар облысы қант қызылшасын дамытуға қажетті жер, су мен өзге де ресурстарға ие бірден-бір өңір. Аталмыш жоба жылдық қуаттылығы 144 000 тоннаны құрайтын қант зауытын салуды көздейді. Өнім ішкі нарыққа жіберіліп, көрші елдерге де экспортталмақ.

– Біз нарықты сараптадық. Белгілі болғандай, Қазақстанда қант жетіспеушілігі бар. Сондықтан Ақсу өңірінде қант зауытын салуға ниетті кәсіпкерлерді тартудың жолдарын қарастырдық. Бұл жоба арқылы ел ішіндегі нарықтың 20%-ын иелену көзделуде. Сондай-ақ, 200-ден астам жаңа жұмыс орыны ашылады. Жуық арада екі тарап өкілдері тағы бір кездесу өткізіп, қажетті келісім құжаттарына қол қояды, – деді «Павлодар» ӘКК» АҚ-да.

Айта кетейік, «Сасса» инвестициялық-консалтингтік тобы Ресей, Өзбекстан мен Қазақстан мемлекеттерінде барлығы үш қант зауытының құрылысын қолға алмақ.


14/05/2019 111