Павлодар мен Омбы әріптестікті нығайтады

Павлодар облысына ресми сапармен Омбы делегациясы келді. Екі аймақтың басшылары Болат Бақауов пен Александр Бурков шағын және орта бизнестің мүддесін өзара қорғау, сонымен бірге, цифрландыру, білім, денсаулық сақтау және туризм салаларындағы әріптестікті дамытуға бағытталған Хаттамаға қол қояды деп күтілуде. 

Омбы облысының делегациясының құрамында мемлекеттік органдар мен бизнес-құрылымдардың өкілдері бар. Қонақтар Павлодар облысының ауыл шаруашылық және өнеркәсіптік кәсіпорындарын, оның ішінде «Пахарь» ШҚ,  «Нефтехим LTD ЖШС-і, «Павлодар» арнайы экономикалық аймағындағы зауыттарды және басқа да нысандарды аралайды. Делегацияның ресми бағдарламасы бойынша «Open Pavlodar» фронт-кеңсесіне, Назарбаев зияткерлік мектебіне және Құқық қорғау қызметтері орталығына бару көзделіп отыр.    

Екі аймақтың басшыларының ресми кездесуі «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ-ың алаңында өтеді. Кездесудің қорытындысы бойынша Болат Бақауов пен Александр Бурков Павлодар мен Омбы арасындағы әріптестікті дамытуға бағытталған құжатқа қол қояды.   

Сонымен қатар, осы күні екі облыстың кәсіпкерлерінің кездесулері өтеді. Павлодар мен Омбы аймақтары кәсіпорындарының өкілдері ақпараттық технологиялар, электр құралдарын жасап шығару, сауда және туризм саласында өзара меморандумдар мен келісімдерге қол қояды. 

 

 


28/02/2019 296