Павлодар мен Омбы облыстары өзара ынытмақтастық жолында

Павлодар облысына губернатор Александр Бурков бастаған Омбы облысының делегациясы келді.

Омбылық қонақтар ең алдымен «Пахарь» шаруа қожалығының агроқалашығына барды. Бүгінде қалашықта кәсіпорынның 50 қызметкерлерінің отбасылары тұрады. Басшылық мұнда мектепке дейінгі және бастауыш білім беру мекемелерін салуды жоспарлап отыр.

Бұл кезде, облыс орталығындағы кәсіпкерлер палатасында екі өңірдің бизнес өкілдері В2В форматындағы кездесулер өткізді. Тараптар өзара экономикалық байланыстарды нығайтуға көмектесетін бірлескен кәсіпорындар ашу мәселесін талқылады.  

Сондай-ақ, делегация заманауи Open Pavlodar фронт-кеңсесінде болып қайтты. Кеңседе орналасқан түрлі ұйымдар тұрғындарға тегін мемлекеттік қызметтерді ұсынады. Назарбаев зияткерлік мектебінде болған қонақтар оқушылар мен пеадгогтердің жетістіктерін жоғары бағалады.

– Әрбір идеяны тұрмыста, өндірісте, коммерцияда жүзеге асыру аса маңызды. Сондықтан бір жаңалықпен тоқталып қалмаңыздар, – деді Александр Бурков балаларға.

Омбы облысының өкілдері «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында орналасқан өндірістік кәсіпорындарды: “Нефтехим LTD”, “Гиссенхаус” және “УПНК-ПВ” ЖШС-ін аралап көрді. Қазақстан электролиз зауытыынң алаңында екі өңірдің басшыларының ресми кездесуі өтті.

– Біздің облыстарымыздың достығын экономикалық байланыстар нығайта түседі, – деді Болат Бақауов өз сөзінде. – Түрлі саладағы шекаралас ынтымақтастықты дамыту аса маңызды.

Өз кезегінде, Омбы облысының губернаторы павлодарлықтардан көп нәрсе үйренуге болатынын атап өтті.

– Кездесу барысында біз Павлодар облысының өнеркәсіптік, ауыл шаруашылық және білім салаларындағы әлеуетімен жақын таныстық, – деді Александр Бурков. – Сіздер тоқтаусыз даму арқылы әр жыл сайын жаңа табысты кәсіпорындарды ашып келесіздер.

Кездесу қорытындысы бойынша Павлодар облысының әкімі мен Омбы облысының губернаторы өзара әрекеттестікті нығайтуға бағытталған хаттамаға қол қойды.


01/03/2019 664