Павлодар облысы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары ауысты

Осы лауазымда отырған Мейрам Бегентаевтың орнына Асхат Оралов келді

Облыстық әкімдікте өткен кеңесте өңір басшысы Болат Бақауов Мейрам Бегентаевтың басқа жұмысқа ауысатынын хабарлады. Облыс әкімі оған атқарған жұмысына алғыс айтып, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

Әкімнің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары лауазымына бұдан бұрын Қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің төраға орынбасары лауазымында жұмыс істеген Асхат Оралов тағайындалды.

–  Әлеуметтік блок – аса жауапты блок. Білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау мәселелері біздің азаматтарымызды толғандырады. Сізге жұмыста сәттілік тілейміз! – деп өңір басшысы атап өтті.

Асхат Оралов 1990 жылы туылған, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін, РФ СІМ Мәскеу халықаралық қатынастар мемлекеттік институтын аяқтаған. Аударма ісі бакалавры біліктілігі, халықаралық қатынастар магистрі, гуманитарлы ғылым магистрі біліктілігі бар. Философия докторы (PhD).

Еңбек жолын 2011 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Әлеуметтік және тәрбие жұмыстары департаментінің жастар ұйымдарымен жұмыс жөніндегі бөлімнің бас маманы лауазымынан бастаған, 2014 жылға дейін осы жоғарғы оқу орнындағы хаттама бөлімінің аға маманы болып жұмыс істеген. 2014 жылдан 2016 жыл аралығында Астана қаласындағы «Нұр Отан» партиясы филиалы төрайымының орынбасары лауазымын атқарған. 2016 жылдан 2018 жыл аралығында Астана қаласының жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы болды. 2018 жылдың қаңтар айынан бастап 2018 жылдың тамыз айы аралығында ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Жастар саясаты департаментінің директоры болып жұмыс істеді.

Павлодар облысының бұқаралық ақпарат қызметі

Фото Валерия Бугаева


12/04/2019 216