Павлодар облысында «Қамқорлық» қайырымдылық акциясының қызмет мерзімі ұзартылды

24 ақпан күні басталған айлықтың қызмет мерзімін төтенше жағдай режимі енгізілгеннен кейін ұзарту туралы шешім қабылданды. Айлық шеңберінде тұрғындардың әлеуметік осал топтарына қамқорлық көрсетіледі.

Қазіргі кезде өңірдің 46 мыңнан астам тұрғындарына 290 миллион теңгеге азық-түлік жиынтықтары, жеке меншік малға арналған жем-шөп, отын және басқа да заттар түріндегі көмек көрсетілді.

Қалалар мен аудандарда қарт адамдар, Ұлы Отан соғысының ардагерлерінің үйлерінің және әлеуметтік нысандардың аулаларын, аялдамаларды қардан тазалау жұмыстары жүргізілді. Көмек 18 мыңнан астам қарт адамдар, жалғызбасты зейнеткерлер, ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне көрсетілді.

Акция әлеуметтік желілерде #БізБіргеміз бірыңғай хештэгі бойынша жүргізілді. Қазіргі кезде «Nur Otan» партиясы павлодарлық еріктілермен, ҮЕҰ-мен, қалалық мәслихаттың депутаттарымен және түрлі жастар ұйымдарымен бірге көп балалы және аз қамтылған отбасылар, жалғыз басты зейнеткерлер мен мүгедектерге азық-түлік жиынтықтарын, гигиена заттарын, бетперделер жеткізуді қолға алды. Осы кезге дейін облыс орталығының жүз тұрғынына көмек көрсетілді. 27-ші наурызға дейін Павлодар қаласының мыңға жуық тұрғынына көмек көрсету көзделіп отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі төтенше жағдай кезінде тұрғындардың мұқтаж топтарына, бірінші кезекте, ең осал тұрғындар тобы – жастары 55-тен асқан, денсаулығы нашар немесе созылмалы ауруға шалдыққан қарт адамдарға көмек көрсетуді тапсырды. Орын алған жағдайды есепке ала отырып, Павлодар облысында «Қамқорлық» акциясы тікелей байланыссыз режимде көмек көрсету ретінде ары қарай да жалғасады.


24/03/2020 2,041