Павлодар облысында қант қызылшасы өсіріледі

Павлодар облысында келесі жылы 400 гектарға жуық қант қызылшасы отырғызылады.

Бұл туралы Павлодарда John Deere маркалы ауыл шаруашылығы техникасына қызмет көрсету бойынша сервистік орталық салуды жоспарлап отырған “Eurasia Group Kazakhstan” ЖШС өкілдерімен кездесу барысында Павлодар облысының әкімі айтты. Болат Бақауовтың айтуынша, қызылша егуге арналған тұқымдар неміс KWS компаниясынан алынатын болады.

– Біздің бірнеше шаруа қожалықтарымыз бір гектарға ғана қызылша егіп, соның өзінде техникалық қателіктерге жол берген, алайда бұл жұмыстың бүгінгі нәтижесі жақсы, – деп атап өтті аймақ басшысы. – Қыркүйек айында біз бір тамыр дақылының қанша салмақ болатынын, сондай-ақ өсірілген қызылшадағы қант мөлшерін анықтаймыз. Келесі жылы біз 400 гектар қант қызылшасын егеміз.

Естеріңізге сала кетейік, Павлодар облысында алдағы бірнеше жылда іске қосылатын қант зауыты үшін шикізат базасын дайындауды қолға алған болатын. Зауыт жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін ресейлік BMA Russland компаниясы дайындады. Зауытқа қажетті инженерлік желілерге қосылудың техникалық шарттары алынып, жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.


08/08/2019 182