Павлодар облысында 140-тан астам жоба «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша қаржыландырылмақ

Мемлекеттік бағдарлама бойынша жеңілдетілген кредит беру бірінші кезекте өңдеуші өнеркәсіп пен агроөнеркәсіптік кешендегі кәсіпкерлер үшін қарастырылған.

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «Қарапайым заттар экономикасы»  аясында қаржыландыру 1 триллион теңгеге дейін арттырылды. Қазақстандық бизнеске қолдау «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және екінші деңгейлі банктер арқылы көрсетілетін болады. Кәсіпкерлер несиелері бойынша субсидия және кепілдік ала алады.

Субсидиялау шеңберінде қарыз алушы үшін түпкілікті мөлшерлеме 6% – ды, ал қарыздың ең жоғары сомасы 10 миллиард теңгені құрайды. Инвестицияны субсидиялау мерзімі 10 жылды, ал айналым қаражатын толықтыру мерзімі 3 жылды құрайды. Егер кепілдік беру туралы айтатын болсақ, кепілдік мерзімі несие мерзімінен аспауы тиіс. Несие сомасының 50% – на дейінгі кепілдіктер 3 миллиард теңгеге дейінгі заемға, ал несие сомасының 20% – на дейінгі кепілдіктер 3-тен 5 миллиард теңгеге дейінгі заемдарға беріледі.

Бүгінде Павлодар облысында 38,9 миллиард теңге сомасына 141 жоба бар. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ мен екінші деңгейлі банктер жалпы сомасы 16,6 миллиард теңге болатын 82 жобаны мақұлдады. 19,4 миллиард теңге сомасына 22 жоба қаралуда. Сонымен қатар өңірде 2,9 миллиард теңге сомасына 37 жоба бойынша бағдарламаға қатысу үшін қажетті құжаттар жинау және бизнес-жоспарлар әзірлеу жүргізілуде.


25/03/2020 2,217