Павлодар облысында Білім күні атап өтілді

1 қыркүйек күні Солнечный кентінде 420 орынға лайықталған жаңа мектеп ашылды. Жаңа оқу ордасының ашылуына аймақ басшысы Болат Бақауов қатысты.

Бұған дейін Абай атындағы №28 мектеп бұрынғы бала бақша ғимаратында орналасқан болса, енді кенттің жас тұрғындары заманауи оқу ошағында білім алатын болады. Мектептің жаңа ғимаратында спорт залы, асхана, үлкен мәжіліс залы бар. Оқушылардың сапалы білім алуы үшін мектепте мультимедиа және шахмат, домбыра және абайтану кабинеттері ашылды.  

– Кенттегі бұрынан келе жатқан мәселе шешімін тапты. Балаларымыз бала бақша ғимаратында оқуға мәжбүр болатын, – дейді көп балалы ана, кенттің құрметті тұрғыны Клара Садықова. – Заманауи мектепте білім алған балалар еліміздің дамуына үлес қосып, білімнің белестерін бағындырады деп ойлаймын.

Жаңа мектептің қасбетіне қазақтың бас ақыны, ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының суреті бейнеленген баннер орналастырылды.

– Абай өз өлеңдерінде балаларды білім алуға шақырған еді, – деді Павлодар облысының әкімі өзінің құттықтау сөзінде. – Қазіргі таңда, өңірімізде де, елімізде де өскелең ұрпақ сапалы білім алуы үшін көп жағдай жасалып жатыр. Бәріңізді Білім күнімен құттықтаймын! 

Мектеп орналасқан бұрынғы бала бақшаның ғимараты Екібастұздағы «Қайнар» балалар шығармашылығын дамыту орталығының филиалы ретінде қайта құрылды.  Мұнда үш жүзге жуық бала қосымша білім беру үйірмелеріне барады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Суреттерді түсірген Валерий Бугаев  


02/09/2019 61