Павлодар облысында кадрлық іс жүргізу толығымен автоматтандырылады

Облыстық әкімдікте Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы үлгісі бойынша кадрлық іс жүргізу ісін автоматтандырудың пилоттық жобасының тұсаукесері өтті. Бүкіл әлемде «Ортақ қызмет көрсету орталығы» деген атқа ие автоматтандырылған жүйе қазіргі кезде елімізде Атырау, Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облысында пилоттық режимде жүзеге асырылуда. Отырыс барысында анық болғандай, бұл жобаға Павлодар облысы да қосылғалы тұр. Осыған орай, облыс әкімі аппаратының басшысы Ағыбай Әмирин мәлім еткендей, 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап өңіріміздегі кадрлық іс жүргізу толығымен цифрлық форматқа көшірілмек.

       – Әкімшілік реформаны әрі қарай жүргізу аясында кадрлық іс жүргізуді автоматтандыру бойынша жұмыстар атқарылуда, – дейді Ағыбай Әмирин. – Бүкіл әлемде «Ортақ қызмет көрсету орталығы» деген атқа ие автоматтандырылған жүйе қазіргі кезде елімізде Атырау, Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облысында пилоттық режимде жүзеге асырылуда. Біздің ұсынысымыз бойынша бұл жобаға Павлодар облысы да қосылды.

Ағыбай Әмириннің айтуынша, аталған күннен бастап қағаз жүзінде болған барлық бұйрықтар, өтініштер мен қызметтік жазбалардың барлығы тек электрондық нұсқада толтырылады.  Осыған байланысты «Мемлекеттік қызметтің персоналын басқару ұлттық орталығы» АҚ бас директоры Бәну Нұрғазиева бастаған жұмыс тобы өңірімізге арнайы келіп түсіндіру жұмыстарын жүргізуге кірісті.

       Топ мүшесі Бауыржан Дәуітов ақпарат бергендей, «Ортақ қызмет көрсету орталығын» енгізу арқылы қаражатты үнемдеуге және мемлекеттік қызметшілердің жалақысын өсіруге жол ашады. – Мұндай жүйені енгізген Нидерландта 400 қызметкер 12 министрліктің жұмысын жүргізеді, – дейді Бауыржан Дәуітов. – Қазақстанда болса 97 988 мемлекеттік қызметшінің ішінде 4500 кадрлық қызметкер бар. Орташа есеппен бір кадрлық қызметші 22-30 адамға қызмет көрсетеді. Жаңа жүйені енгізу арқылы бір маман 1000 адамға қызмет көрсете алатын болады.


02/04/2019 38