Павлодар облысында коронавирус инфекциясы мәселелері бойынша жедел желі жұмыс істейді

Өңір тұрғындары мен қонақтары штабқа тәулік бойы жұмыс істейтін 8(7182)67-52-08 нөмірі бойынша хабарласа алады. Сондай-ақ 103 жедел жәрдем желісіне және 1406 бірыңғай республикалық нөміріне қоңырау шалуға болады.

Павлодар облысында COVID-19-бен күрес талаптарының хаттамасына сәйкес 845 төсек-орын дайындалып,  жұмыс істеуге даяр тұр. Олар туберкулез диспансерінің жеке орналасқан ғимаратында, сондай-ақ Сұлтанов атындағы облыстық аурухананың және облыстық балалар ауруханасының инфекциялық бөлімшелерінде  орналасқан.  2 госпиталь дайын тұр – хирургиялық-акушерлік және қосымша карантиндік. Хирургиялық-акушерлік госпиталь коронавирусқа талдауы расталуы мүмкін адамдарға операциялар жасауға арналған.

Медициналық препараттар мен дезинфекциялау құралдарының барлық қорлары бар.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы өңір тұрғындарын әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі коронавирус туралы жалған мәліметтерге сенбеуге шақырады.

Барлық сенімді ақпаратты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен Тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау комитетінің, сондай-ақ ведомстволардың Facebook-тегі ресми парақшаларынан алуға болады.


25/03/2020 2,265