Павлодар облысында Президент Жолдауын жүзеге асыру жолдарын талқылады

Президенттің Қазақстан халқына Жолдауының негізгі ережелерін түсіндіру жөніндегі активтің отырысында бизнесті қолдау, туристік инфрақұрылымды дамыту және суармалы егістіктерді енгізу мәселелері сөз болды. Кездесуді ашқан Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов Жолдаудағы басты басымдықты бағыт қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді сақтау екендігін атап өтті.

–  Президент шағын бизнестің дамуына көңіл аударды, – деді аймақ басшысы. Кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсетіледі. Біз жаңа жобаларға басымдық беріп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына көңіл бөлуіміз қажет.  

Өз кәсібін жаңадан бастаушы адамдарға салықтан үш жылға дейін босату және үш жыл бойы түрлі тексерістерден арылту қосымша қолдау болады.

 

— Мен мұндай шешім уақтылы қабылданды деп ойлаймын. Бюджетті толықтыратын негізгі қаржының көзі – шағын және орта бизнестің салықтары екендігіні белгілі, – деді Іскер әйелдер ассоциациясының төрайымы Аурика Дяк. – Біз мұндай бастаманы көптен күткен едік. Мемлекет басшысының аузынан осы сөздерді естігенде қатты қуандым. Алайда, мораторий кезеңінде өз-өзін реттеу әдістері мен қоғамдық бақылауды белсендіру қажет.

 

 

Сонымен қатар, өңірде Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында айтқан туристік инфрақұрылым мәселесі шешімін тауып жатыр. Ағымадғы жылы Баянауылға келген туристердің саны 200 мың адамнан асқан. Бұл облыс үшін рекордтық көрсеткіш.

– Біздің өңірімізде бүкіл Қазақстаннан туристер келетін Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының кесенесі бар, – деді Болат Бақауов. – Біздің облыс бұдан да көп туристерді қабылдай алады. Ең бастысы оларға жайлы жағдай жасап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Жолдарды жақсарта алдық, ендігі кезек инфрақұрылымды дамыту болып табылады.

 

Ертіс өңірі үшін басты мәселенің бірі суармалы егістік алқаптарын дамыту болып тұр. Өңірде 2022  жылға дейін кешенді жоспар құрастырылып, суармалы егістіктердің алқаптарын 145 мың гектарға дейін ұлғайту көзделіп отыр.

– Ертіс-Успен каналының бойында ғана 10 мың гектар алқап бар, – деді әкім. – Суармалы егістіктер ауыл шаруашылығының болашағын қамтамасыз етеді.

 

Суреттерді түсірген Константин Музалевский


04/09/2019 105