Павлодар облысында жыл басынан бері санавиацияның көмегімен 300-ден астам адам тасымалданды

Жол үсті көлігімен 247 адам, ал, әуе көлігімен 92 науқас медицина мекемелеріне жеткізілді.  

Бірінші жартыжылдықта санитарлық авиация бөлімшесі 32 жол көлік оқиғасы кезінде көмекке келді. Мамыр айында медиктер Шарбақты ауданында орын алған жол көлік апатына ұшыраған 19 және 37 жастағы екі адамды орталық аудандық ауруханаға жеткізді. Олардың жағдайының ауыр болғандығына байланысты науқастарды әуе көлігімен облыс орталығына жеткізуге тура келді. Осыған ұқсас жағдай Екібастұзда орын алды. Жол көлік апатына ұшыраған өте ауыр жағдайдағы  53 жасар әйел адам Павлодарға тікұшақпен жеткізілді.   

Санавиация қызметі өзге жағдайлар бойынша да шақыртуларға шығып отырды. Сәуір айында жедел жәрдем қызметкерлері ыстық суға күйіп қалған екі жасар бөбекті  Екібастұздан Павлодарға ұшақпен жеткізді.

– Дәл осы кезде жүктіліктің 34-ші аптасындағы 20 жасар келіншекке көмек қажет екендігі туралы шақырту түсті, – дейді санавиация бөлімшесінің меңгерушісі Алмагүл Бейсембинова. – Медиктер жүкті келіншектің ауыр деңгейдегі анемияға шалдыққанын және жауырын асты көктамырының өткір тромбофлебитін анықтады. Біздің бригадамен бірге Екібастұзға қантамыр ауруларының хирургі аттанып, науқасқа оқиға орнында көмек көрсетті.

Суретті түсірген Валерий Бугаев


14/08/2019 93