Павлодар облысының ҮЕҰ делегациясы Қазақстанның VIII Азаматтық форумына қатысып жатыр

Павлодар делегациясының құрамында Астана қаласына 26 адам жол жүрді: аймақтың 19 үкіметтік емес ұйымның және мемлекеттік органдар өкілдері, азаматтық сектормен жұмыс жасау бойынша құзыретті тұлғалар, және облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі. Қазақстанның VIII Азаматтық форумы 27-28 қараша күндері өтеді. Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылдан бастап ҚР Қоғамдық даму Министрлігінің Азаматтық қоғам комитетінің төрағасы қызметін Павлодар облысының тумасы Әлия Ғалымова атқарып келеді.

Павлодарлық делегаттардың бірі, «Алтын Бата» қоғамдық қорының құрылтайшысы, аутист балалар мен менталды ауытқушылықтары бар балаларға арналған оңалту орталығының директоры Стельвага Евгенияның айтуынша азаматтық форум – бұл ҮЕҰ-лар үшін тәжірибе алмасудың керемет мүмкіндігі. – Мен үшін Астанадағы бюджеттік қаражаттың жұмсалуын бақылау бойынша жоба басшысының форумда көтерген мәселесі қызықты болды. Ол бюджеттік мектептерді ұйымдастырумен айналысады. Оны бітірген адам алдағы уақытта мониторинг жасап, өз аймағындағы бюджеттік қаражаттың жұмсалу тиімділігін бақылай алады. Сайттарына алдымен бюджет жобасын, ал одан кейін түзетулер енгізілген құжатты  жариялайтын Алматы қаласы әкімдігінің тәжірибесі де ерекше есте қалды. Бұл идеяны еліміздің әр аймағында жүзеге асыру ұсынылып отыр, – деп бөлісті әсерімен Евгения Стельвага.

Осы жылы форум аясында «Адамдар», «Планета», «Гүлдену», «Бейбітшілік», «Әріптестік» тақырыптары бойынша салалық секциялар жұмыс істейді. Сонымен қатар ҮЕҰ жетістіктерінің электронды көрсетілімін, TEDx «Мен сенемін 2.0» және әлеуметтік инновациялар зертханасы форматындағы әлеуметтік жобалар конференциясын өткізу жоспарланып отыр. Форумның қорытынды бөлімінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен пленарлық отырыс өткізіліп, ҮЕҰ-ға арналған мемлекеттік сыйлығымен және «Таным» қоғамдық сыйлығымен марапаттау рәсімі өтеді.

Суретті ұсынған – Павлодар облысының ІСБ


28/11/2018 355