Павлодар облысының әкімі қоғам белсенділерімен экологиялық кодекске енгізілетін өзгертулерді талқылады

Павлодарлық билік өкілдері мен экологтар төлем жүргізілетін зиянды заттардың тізбесін кеңейтіп, экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін төленетін әкімшілік санкциялардың көлемін арттыруды ұсынып отыр.

Болат Бақауовтың қоғамдық экологиялық ұйымдардың және ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың басшыларымен кездесуі С. Торайғыров атындағы облыстық кітапханада өтті. Жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Қадылжан Сәтиевтің айтуынша экологиялық кодекске енгізілу жоспарланған түзетулер эмиссияларға автоматтандырылған онлайн-мониторинг жүргізу жүйелерін енгізуді және шұғыл экологиялық тексерістер өткізу механизмін, табиғат пайдаланушыларының кешенді экологиялық рұқсатнамалар жүйесіне және үздік технологияларға көшуін қарастырады.  

— Соңғы 10 жыл ішінде өндіріс көлемі артты. Сәйкесінше, қоршаған ортаға тарайтын зиянды заттардың көлемі де артты, — деді баяндамашы. — Қоршаған ортаға тарайтын эмиссиялар үшін төлемдер алынады. Алайда, 2009 жылдан бері бұл төлемдер алынатын заттардың тізбесі қысқарып қалды. Оның ішінде Павлодар облысында орналасқан кәсіпорындардан көптеп тарайтын зиянды заттар олардың тізбесінде мүлдем жоқ. Олар: алюминий оксиді, натрий гидрохлориді, фтор,  газ тәрізді құрылымдар, гидрохлорид, күкірт, азот, тұз қышқылдары мен хлор.

Бұдан бөлек, павлодарлық мамандар экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін салынатын әкімшілік санкциялардың көлемін арттыруды сұрап отыр.  Облыс әкімі өз кезегінде ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар құрастыратын іс-шаралар жоспарын өңірлік мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңестің пікірлерін есепке алу арқылы жүргізуді ұсынды.  

— Біз жағдайды объективті түрде абғлауымыз қажет, — деді Болат Бақауов. – Кәсіпорынның қоршаған ортаны қорғау жөніндегі жоспары осы компанияның басшысының өкімімен емес, мәслихат жанындағы экологиялық комиссия мүшелерінің ұсынымдарына негізделінуі қажет. Өйтпегенде, барлық жұмыс бір фильтрді ауыстырумен шектелуі мүмкін. 

Жаңа экологиялық кодекске ұсыныстар енгізу жұмысына қоғам белсенділері де қатысты. «Эком» бірлестігінің жетекшісі Светлана Могилюк республикалық деңгейде бірінші кезекте азаматтық қоғамның құқықтарын қорғайтынын атап өтті. Сонымен қатар, ол көшеттерді суару және күту жұмыстарын мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шеңберінде жүргізуді ұсынды.

Суретін түсірген Валерия Бугаева


12/08/2019 202