Павлодар облысының әкімі: Ертіс өзенін пайдалана отырып Қазақстан мен Ресей арасындағы көлік дәлізін қалпына келтіру қажет

Қазақстан мен Ресей арасындағы XVI өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысқан Болат Бақауов ресейлік тараптан Ертіс өзенін тереңдету жұмыстарын үкіметтік деңгейде шешуді сұрады.

Омбы қаласында өтіп жатқан форум аясында екі ел басшыларының қатысуымен пленарлық отырыс өтті. Павлодар облысының әкімі Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путиннің алдында баяндама жасай отырып, халықаралық көлік дәліздерін тиімді пайдалану табысты серіктестіктің маңызды бір бағыты екенін еске салды.

 

– Осы орайда, өзен қатынасының маңызы ерекше. Өткен ғасырдың 70-80 жылдары Ертіс өзені арқылы жылына 9 млн тоннаға дейін жүк тасымалданған. Бүгінде кемелердің үлкендігінен және жүк тасымалына қажетті тереңдіктің жоқтығынан өзен қатынасы дұрыс дамымай отыр, – деді Болат Бақауов.

Өңір басшысының сөзінше, қазақстандық Үрлітүп пен Ресейдің Омбы аумағы арасындағы учаскені тереңдету керек. Болат Бақауов ресейлік әріптестерінен бұл мәселені үкіметтік деңгейде шешуді сұрады.

 

 

– Өзен әлеуетін сәтті пайдаланудың жарқын мысалы ретінде Павлодар мұнай-химия зауытын жаңарту үшін салмағы 500 тоннадан асатын екі дизельді гидротазарту реакторларын жеткізуді атап өтуге болады. Маршрут Оңтүстік Кореяның Улсан портынан Ресей Федерациясы арқылы Солтүстік теңіз бағыты бойынша Павлодар қаласынан Мыс Каменный портына дейін, содан кейін Салехард, Ханты-Мансийск, Тобольск және Омбы арқылы Жаңа порттан өзен баржалары арқылы өтті. Бұл дәлізді қалпына келтіру керек деп санаймын. Бұл, әсіресе, Ұлы Жібек жолының жандануы мен «Бір белдеу – бір жол» бастамасының жүзеге асуы аясында маңызды болып отыр, – деді Болат Бақауов.

 

 

Болат Бақауов ресейлік БАҚ-қа берген сұхбатында өзен арқылы Павлодардан Омбыға қиыршық тас жеткізуге болатынын атап өтті. Омбы облысындағы қиыршық тасқа деген жылдық сұраныс шамамен екі миллион тоннаны құрайды.

 

 

                                                            

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

Суреттерді түсірген – Валерий Бугаев

 


08/11/2019 25