Павлодар облысының әкімі Ресейдің екі өңірінің басшыларымен әріптестік туралы шарттарға қол қойды

XVI Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумы шеңберінде Болат Бақауов Новсібір және Қорған облыстарының губернаторлары Андрей Травников пен Владимир Шумковпен әріптестік туралы шарттарға қол қойды.

Меморандумдарға қол қою рәсімі бүгін Омбыда Қазақстан және Ресейдің президенттерінің қатысуымен өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин өңіраралық ынтымақтастықтың өзекті мәселелеріне арналған пленарлық отырыста төрағалық етті.

 

Шарттарға қол қою арқылы Павлодар облысының әкімі мен Новосібір және Қорған облыстарының губернаторлары өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, білім беру және медицина салаларындағы әріптестік туралы келісімге келді.  

Болат Бақауов пен Андрей Травников арасындағы меморандумның іс-шаралар жоспарында алюминийден вагон жасау мен 3D принтерлерге қажет металл ұнтағын шығару өндірісі бойынша әріптестік көзделген. Павлодарлық медиктер новсібірлік әріптестерінің офтальмология және туу кезінде салмағы аз нәрестелерді күту тәжірибесін зерттейтін болады.  

Павлодар мен Қорған облыстарының басшылары қол қойған шартқа сәйкес тараптар бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізіп, студенттермен, педагогикалық және ғылыми қызметкерлермен алмасатын болады.

 

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

Суреттерді түсірген Валерий Бугаев


08/11/2019 27