Павлодар облысының туристік әлеуеті таныстырылды

Петропавловскте туризмнің дамуына арналған XV Қазақстан-Ресей шекаралас ынтымақтастық форумы басталды.

Форумға Қазақстан мен Ресейдің түрлі өңірлерімен қатар Павлодар облысының делегациясы да қатысып жатыр. Ресей Федерациясынан келген қонақтардың көбі біздің өңірдің туристік потенциалы таныстырылатын стендке қызығушылық танытты. Облыстық кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасының мәліметі бойынша, қазіргі таңда Ресейден Павлодар облысына жыл сайын 10 мыңға жуық турист келеді екен. Бұл көрсеткіш жалпы туристердің санының   7%-ын құрайды.  

– Біз туристік инфрақұрылымды кеңейту және жақсарту бойынша тұрақты жұмыс жүргізіп келеміз. Алдағы екі жылда Ресейден келетін туристердің санын 20 мыңға дейін жеткізуді көздеп отырмыз, – деді ведомство басшысы Дастан Рыспеков. – Баянауыл ауданындағы Мырзашоқы тауында тау-шаңғы базасын іске қосу және Маралды тұзды көліндегі туристік аймақты дамыту туристердің санының артуына серпін береді.

Ресейліктер Қазақстанмен арадағы туристік байланысты дамытуға мүдделі. Мамандардың айтуынша, өзара туристік сапарлардың артуы екі тарапқа да тиімді.

– Татарстанға келетін қазақстандықтардың саны жылына 25 мың адамды құрайды. Қазақстанға баратын татарстандықтардың саны да осындай шығар деп ойлаймын, – деді Татарстан Республикасының туризм жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы Сергей Иванов. – Татарстандықтар Алматы таулары, Шығыс Қазақстан облысындағы Алакөл туралы жақсы біледі. Павлодар облысына келер болсақ, біз Баянауыл ұлттық табиғи паркі, ондағы көлдер мен таулар туралы жақсы білеміз.

XV Қазақстан-Ресей шекаралас ынтымақтастық форумы екі күнге созылады. Форумға екі елдің басшылары: Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин қатысады.


08/11/2018 268