Павлодардағы жаңа онкодиспансер мерзімінен бұрын тапсырылады

227 орындық орталық пен ауысымына 100 келушіге арналған емхананың құрылысы 70%-ға аяқталды. Онкодиспансердің құрылысына жеті миллиард теңге бөлінді.

– Бүгінде бұл қаражатқа операциялық-реанимациялық, радиациялық және патологоанатомиялық корпустар, 227 төсектік стационар, ауысымына 100 келушіге арналған емхана, бақылау-өткізу пункті, медициналық қалдықтарды кәдеге жарату пункті, бес автомашинаға арналған гараж және үш қазандыққа арналған қазандық салынды, – деп атап өтті Өңірлік құрылыс басқармасының күрделі құрылыс бөлімінің басшысы Абылай Мүшкенов. – Қазіргі уақытта мердігер әрлеу жұмыстарын жүргізіп, аумақты абаттандыруға кірісті. Мердігер объектіні келісімшартпен белгіленген мерзімнен бұрын тапсыруды  жоспарлап отыр.

Мамандардың айтуынша, аталмыш жобаны жүзеге асырғанда медициналық қызметтердің көрсеткіштер сапасы жақсарады,бұл өлім-жітім, бір жылдық өлім-жітім көрсеткіштерінің төмендеуіне, ерте диагностика көрсеткіштерінің артуына, Павлодар облысында онкологиялық науқастарға мамандандырылған күтімді қамтуға әкеледі.

– Медициналық құрал – жабдықтарды сатып алуға бюджеттен 2,8 миллиард теңге бөлінді, – деп атап өтті құрылыс басқармасы. – Амбулаторлық-емханалық пункттердің медициналық кабинеттері радиациялық, ультрадыбыстық және магнитті резонанстардың заманауи диагностикалық құрылғыларымен, сондай-ақ жедел диагностикаға қажетті  биологиялық материалдарды эндоскопиялық және аналитикалық зерттеу құралдарымен жабдықталған.

Айта кету керек, клиникалық диагностикалық зертханалар аурухананың бірінші қабатында орналасады, операциялық және реанимациялық ғимараттың екінші қабатында пациенттерге арналған хирургиялық операцияларға қолдау көрсететін бес мамандандырылған операциялық бөлме, үш анестетикалық, төрт операциялық және екі монитор-бақылау бөлімшесі жұмыс істейтін болады. Үшінші қабатта жан сақтау және қарқынды терапия бөлімшелері орналасады.

 

Суретті түсірген Валерий Бугаев  


12/06/2019 71