Павлодардың үздік педагогтеріне құрмет көрсетілді

Облыс әкімі Болат Бақауов 20 мыңнан астам педагогты мерекемен құттықтады. Ұстаздар күніне арналған салтанатты шара Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында өтті. Мұғалімдер қауымын кәсіби мерекемен құттықтаған аймақ басшысы, жергілікті педагогтардың білім беру саласындағы жоғары жетістіктері үшін ризашылығын білдірді.

– Білім беру көрсеткіштері бойынша алдыңғы лекте болу игі дәстүрге айналуы керек. Жемісті жолды жыл сайын қатарларыңызға қосылатын жас ұстаздар абыроймен жалғастыруға тиіс. Осы орайда, білім беру саласының ардагерлеріне ерекше алғысымды білдіргім келеді. Сіздердің мамандыққа деген адалдықтарыңыз, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге жауапкершілікпен қарайтындықтарыңыз жастарға үлгі. Сіздер жастарды тәрбиелеу арқылы өңірдің дамуына өлшеусіз үлес қосып отырсыздар, – деді Болат Бақауов салтанатты шарада.  

Аймақ басшысы жыл қорытындысы бойынша облыстың үздік педагогы атанған ұстаздарды бөле-жара атап өтті. Сондай-ақ шара барысында ұстаздар «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздік қызметкері» төсбелгісімен, «Ыбырай Алтынсарин» белгісімен, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хаттарымен марапатталды. Салтанатты шарада жалпы 60-тан астам мұғалімге құрмет көрсетілді. 

Ұстаздар қауымының алдында балалардың шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті. Ал қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Алтынай Жорабаеваның павлодарлық педагогтарды құттықтап, хит әндерін шырқауы ұстаздар қауымы үшін күтпеген сый болды.

 

Суретті түсірген Валерия Бугаева


04/10/2019 31