Павлодарлықтар Наурыз мейрамын кең көлемде атап өтеді

Павлодар облысында Наурыз мейрамын тойлауға қазірден-ақ бастап дайындалып жатыр. Облыс орталығындағы алаңда өтетін көпшілік серуенге елу мыңға жуық халық келеді деп күтілуде.

Наурызды тойлау шеңберінде қалалар мен аудандарда балалардың арасында ұлттық салт-дәстүрлер бойынша түрлі викториналар өткізіліп, шеберлер мен үй шаруасындағы әйелдер Наурыз көже әзірлеу және ұлттық киім тігу бойынша сайысқа түседі.

– 22 наурыз күні Орталық алаңда жүзге жуық киіз үй қойылады, – деді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Бақыт Анисова. – Киіз үйлер 7 ауылға бөлінеді. Орталық сахнаның қарсысындағы киіз үйлерде Қазақ мемлекеттігінің даму тарихы бойынша арнайы көрме кешенін құру жоспарланып отыр. Жеті сатыдан тұратын сахнада Ұлы даланың жеті қырының көріністері бейнеленеді.

Мерекеде көшпелі халықтың түрлі дәстүрлерін тамашалауға болады. Мәселен, С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті ұзатылатын қалыңдыққа «Сәукеле кигізу» дәстүрін әзірлеп жатыр. Қазақстан халқы ассамблеясының облыстық филиалы облысымызға Қазақстанның өзге өңірлері мен шет елдерден көшіп келген ағайынға  «Ерулік» тартады.

Сондай-ақ, мереке күні ең үздік ұлттық киім мен үздік киіз үй байқаулары өтеді. Ұйымдастырушылар көлемді театрландырылған көрініс әзірлеп жатыр. Орталық алаңның бас сахнасында павлодарлықтар үшін танымал эстрада жұлдызы Нұрболат Абдуллин, «КешYou»   триосы және «Алдаспан» этно-фольк-рок тобы өнер көрсетеді. Орталық жағалауда тоғыз құмалақ, жамбы ату, аударыспақ сияқты ұлттық спорт ойындары өткізіледі.

Фото Валерий Бугаевтікі


13/03/2019 19