Ресей сауда-өнеркәсіп палатасының вице-президенті: Біз үшін өңірлермен тікелей байланыс маңызды

Мәскеуде жұмыс сапарымен жүрген Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов Ресей Федерациясы Сауда-өнеркәсіп палатасының вице-президенті Дмитрий Курочкинмен кездесті.

         Кездесу «Павлодардың Мәскеудегі инвестиция күні» бизнес-форумы өтіп жатқан Ресейдің Сауда-өнеркәсіп палатасының конгресс-холлында өтті. Болат Бақауов өз сөзінде Ресей Павлодар облысының басты экономикалық әріптестерінің бірі екендігін атап өтіп, екі жақты ынтымақтастықты дамытуға әзір екендігін айтты.

– Ресейлік Сауда-өнеркәсіп палатасының алаңында біз екі жақты инвестициялар үшін қажетті жаңа мүмкіндіктер мен жаңа байланыстар тапқымыз келеді, – деді Болат Бақауов. – Біз үшін Ресей кәсіпкерлеріне өңірдегі бос өндіріс алаңдарын және қай бағытта жұмыс істегіміз келетінін көрсету маңызды.

Дмитрий Курочкин Ресей Федерациясының Сауда-өнеркәсіп палатасына өз қаражатын салып, жаңа жобаларды іздейтін кәсіпкерлер тұрақты түрде хабарласатынын атап өтті. Сонымен қатар, әлеуетті инвесторлар үшін Қазақстанның өңірлерінің мүмкіндіктері туралы ақпарат   жеткіліксіз.

– Біздің палатаның Қазақстанда өз өкілдігі жоқ. Алайда, біз «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және жеке қазақстандық кәсіпорындармен тығыз байланыстамыз, – деді вице-президент. – Біз үшін Қазақстанның өңірлерімен тікелей байланыс маңызды. Біздің инвесторлармен жұмыс тәжірибеміз де, дайын инфрақұрылымымыз да бар. Біз көптеген компаниялармен, қаржылық қана емес, тау-кен, металлургия, салалық ассоциациялармен де жұмыс істейміз.

Сонымен қатар, Болат Бақауов пен Дмитрий Курочкин осы жылдың қараша айында Омбыда екі мемлекет басшысының қатысуымен өтетін Қазақстан-Ресей шекаралық әріптестік форумына екі жақты қатысу мәселелерін талқылады.

 

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі


09/10/2019 28