Республикалық маңызы бар Павлодар – Семей тас жолында жедел медициналық көмек пункті ашылды

Павлодар мен Шығыс Қазақстан облыстарының түйісетін жері – Аққулы ауданындағы Шарбақты ауылында жедел жәрдем бекеті ашылды.

Жедел жәрдем қызметкерлері ауылдағы дәрігерлік-отбасылық амбулаторияда орналасты. Амбулатория ғимаратына интернет тартылып, Павлодардағы облыстық станциямен арнайы 103 байланысы іске қосылды.  Жедел жәрдем пунктіне  дефибриллятор, кардиометр, өкпеге жасанды түрде ауа жіберу аппараты және басқа да қажетті медициналық құралдармен жабдықталған автомобиль берілді.

– Бұған дейін Новоямышево, Чернорецк және Розовка ауылдарында ашылған жедел медициналық көмек бекеттері өзінің тиімділігін көрсетті, – дейді облыстық станцияның бас дәрігері Қанадан Ахметжанов. – Шалғай ауылдарда жедел жәрдем бекеттерінің ашылуы науқастарға шұғыл көмек болған жағдайда, әсіресе, жол-көлік оқиғасына ұшыраған адамдарға тез арада медициналық көмектің көрсетілуіне жағдай жасайды. Біздің жұмысымыз үшін бұл аса маңызды.  

Жедел жәрдем бекеті Аққулы ауданындағы Шарбақты, Төсағаш және Жабағылы ауылдарының халқына қызмет көрсетеді. Алдағы уақытта Шарбақты ауданындағы Маралды ауылында және Ақсу қаласының ауылдық аймағындағы Қызылжар ауылында да жедел жәрдем бекеттерін ашу жоспарланып отыр.

Облыстық жедел жәрдем станциясының баспасөз қызметі


20/02/2019 212