Сапалы нәтижеге апаратын әріптестік

Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов Қорған облысы губернаторының бірінші орынбасарының уақытша міндетін атқарушы Сергей Пугинмен кездесті. Тараптар екі аймақ арасындағы әріптестікті талқыға салды.

Қорған облысының өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының, сондай-ақ медициналық және туристік ұйымдардың төрағаларынан құралған делегация жуырда Павлодарға жұмыс сапарымен келіп кетті. Ресейден келген қонақтар «KSP Steel» ЖШС, «Нефтехим LTD» ЖШС және Қазақстан электролиз зауытына барып қайтты. Сонымен қатар, олар «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында да болды. Артынан облыстық кәсіпкерлер палатасында «business-to-business» форматындағы кездесу өтті. Оның барысында қорғандық және павлодарлық бизнесмендер бірқатар келіссөздер жүргізді.

– Павлодарға көрсеткен қонақжайлылықтары үшін алғысымызды білдіреміз, біздің делегация осында атқарылған жұмыстарға риза, – деді Қорған облысы губернаторының бірінші орынбасарының уақытша міндетін атқарушы Сергей Пугин Павлодар облысының әкімімен кездесу барысында. – Біз екі жақты да қызықтыратын әріптестік бағыттарын талқыладық. Енді сіздерді өзімізде күтеміз.

Болат Бақауов екі аймақ арасындағы ұзақ мерзімді әріптестікке сенім білдірді. Соның ішінде, оның айтуынша, бірнеше маңызды жобаға ерекше көңіл бөлген жөн.

Суретті түсірген – Дархан Өмірзақов.


06/12/2018 240