Түрік кәсіпкерлері Павлодарда ыстық мырышпен қаптау өндірісін ашуды жоспарлап отыр

Павлодар облысының әкімі Түркияның «Tuğcular» компаниясының өкілдерімен кездесіп, «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында ыстық мырышпен қаптаумен айналысатын зауыттың құрылысын талқылады.

Болат Бақауов әлеуетті инвесторлармен облыс әкімдігінде кездесті. «Tuğcular» компаниясының өкілдерінің айтуынша олар металл өңдеу саласында 25 жыл бойы жұмыс істеп келеді. Компанияның өндірістік алаңы жалпы көлемі 87,5 мың шаршы метрді құрайтын аумақта орналасқан. Компанияда 350 білікті маман жұмыс істейді.

– Біз Қазақстандағы ыстық мырышпен қаптайтын нарықтың сараптамасын жүргізбекшіміз, – деді Түркиядағы «Tuğcular» зауытының директоры Мұстафа Қарагөлер. – Біздің жобамыз айына 10 мың тонна өнімді мырышпен қаптауға лайықталған. Сондықтан, біз аймақтың әкімшілігі тауар өндірушілерді іздеуге көмектесе ме деп үміттеніп отырмыз. Сондай-ақ, бізге Қазақстанда өндірілген өнімді шет елге экспорттау кезінде жеңілдіктер бола ма екен? Үшінші мәселе шикізатқа байланысты. Қазақстанда өндірілетін мырыш сапасы жағынан әлем бойынша алдыңғы қатарда тұр. Қазір ол Лондондағы бижада сатылымға шығады. Біз Павлодарда зауыт ашсақ, шикізатты тікелей сатып алу мүмкіндігін қарастырған жөн.

Аймақ басшысы ұсынылған жобаның әлеуеті жоғары екендігін айтып, түрік кәсіпкерлеріне әр мәселені шешу бойынша жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтты.

– Біз өңірдегі суармалы егістік алқаптарының көлемін 140 мың гектарға ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Ол үшін біз егістіктерді суаруға қажетті механизмдерді құрастыратын «Valley» компаниясымен келіссөздер жүргіздік, – деді облыс әкімі Болат Бақауов. – Кейін бұл компания АЭА аумағында суаратын машиналарды құрастырумен айналыспақшы. Ал, бұл механизмдерді мырышпен қаптау қажет.

Облыс әкімі инвесторлар көтерген мәселелер алдағы бірнеше күннің ішінде шешіледі деп сендірді. Бұдан кейін тараптар тағы да кездесу өткізіп, келесі әрекеттерді талқылайды.   


09/04/2019 62