Жаңа тағайындаулар

Павлодар облысында кадрлық ауыс-түйіс орын алды.

Бұл туралы Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов әкімдікте өткен кеңейтілген отырыс барысында хабарлады. Құрылыс басқармасының басшысы болып бұған дейін осы ведомство басшысының орынбасары қызметін атқарған Аманолла Қозыбаев тағайындалды. Жаңадан құрылған мобилизациялық дайындық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы болып бұған дейін жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы басшысының орынбасары болған Мұрат Хамитов тағайындалды. Сондай-ақ, аймақ басшысы қылмыстық-атқарушылық жүйесі департаментінің жаңа басшысы Талғат Молдажановты таныстырды.  Ол бұған дейін Шығыс Қазақстан облысының департаментін басқарған еді.

Кеңейтілген отырыс барысында алдағы су тасқыны кезеңіне дайындық пысықталды. ТЖ департаменті басшысының м.а. Самат Асайынов аудандық, қалалық және облыстық бюджеттерден ТЖ алдын алу және жою үшін 1 миллиард теңгеден астам қаражат қарастырылғанын айтты.

– Облыстың азаматтық қорғаныс қызметі мен күштерінің құрамында  мың жарым адам, 550 техника бірлігі және 60 жүзу құралдары бар, – деді баяндамашы. – Өткен жылы департамент «ТРЕКОЛ» жол талғамайтын көлігін, тоғыз жүру деңгейі жоғары көлік және 8 лай су сорғыларын сатып алды. 

Отырыс барысында Наурыз мерекесіне дайындық туралы да айтылды. 22 наурыз күні қаланың орталық алаңында 100 киіз үй құру жоспарланып отыр.

– Алғаш рет сахналық көріністерде жылдың 12 символын бейнелейтін 12 бойшаң қуыршақтар көрсетіледі, – деді мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Бақыт Әнесова. – Алаңда мерекенің басты тағамы – Наурыз-көже құйылған тайқазан орнатылады. Театрландырылған көрініс барысында бірнеше түйе мен 10 салт аттыдан құрылған керуен өтеді.

Мерекелік серуенге Павлодар қаласының 15 мыңнан астам тұрғындары мен қонақтары қатысады деп күтілуде.


23/02/2019 329