Жеңіс күні құтты болсын!

Павлодарлықтар Жеңіс күнін атап өтті. Даңқ обелискісінің жанында Ұлы Отан соғысының қатысушыларына арналған жиын өткізіліп, Орталық алаңда мерекелік серуен ұйымдастырылды. 

9 мамыр күні Мәңгілік алаудың жанында жүздеген адамдар жиналды. Жиын қатысушыларын Павлодар облысының әкімі құттықтады.

– Біз жеңімпаздардың ұрпағы екенімізді мақтан тұтамыз, – деді  Болат Бақауов майдангерлерге. – Әрбір қазақстандық отбасыны соғыс оты шарпып өтті. Бүгін біз фашизмді жеңу жолында жанын қиған сарбаздарды еске аламыз. Ұлы Отан соғысындағы халық ерлігі ұрпақ жадынан ешқашан өшпек емес. 

Жиыннан кейін Орталық алаңда театрландырылған көрініс өтті. «Мәңгілік полк» шеруіне 5 мыңға жуық адам қатысты. Сондай-ақ, қала тұрғындары мен қонақтарына әскери бөлімдердің далалық ас үйлерінде әзірленген дәстүрлі сарбаз ботқасы үлестірілді. 

Жеңіс күні облыс орталығында ат ойындарының маусымы  басталды. «Құлагер» ипподромында көкпардан турнир ұйымдастырылып, құнан бәйге, тоқ бәйге, жорға бәйге мен аламан өткізілді. Сәйгүліктердің жүйріктігі мен шабандоздардың мықтылығы сыналатын сайыстың жүлде қорына жеңіл көліктер, мотоциклдер және ақшалай сыйлықтар қойылды.

Фото Валерия Бугаева

  

 

 


09/05/2019 39